Өскеменге тұман түсіп, қою түтін басты: экологтар ауаның сапасына баға берді

10:56, 2 ақпан 2026

© Сурет: ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

Өскеменде Экология департаментінің мамандары "Қазгидромет" РМК және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарымен бірлесіп атмосфералық ауаның сапасына көшпелі мониторинг жүргізді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Департамент тарапынан бақылау күн сайын жылжымалы зертхана көмегімен жүзеге асырылды. Өлшеулер санитарлық-қорғау аймақтарында және жеке тұрғын үй секторында негізгі ластаушы заттар бойынша жүргізілді: азот тобы, көміртек оксиді, күкірт тобы және хлоридтер.

"Сонымен қатар қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезеңінде өнеркәсіптік кәсіпорындар өндірістік жүктемені 20–40 % төмендетуде. Атмосфералық ауаның жалпы жағдайына автокөлік құралдары, өнеркәсіптік кәсіпорындар және пешпен жылытылатын жеке тұрғын үй секторы әсер етеді. Сондай-ақ екі гидроэлектр станциясының болуы Ертіс пен Үлбі өзендерінің қыс мезгілінде қатпай, қалың тұманның пайда болуына әкеледі",- деп мәлімдеді әкімдіктегілер.

Белгілі болғандай, қыс мезгілінде жеке секторда қатты отынның (көмір мен ағаш) жағылуы күйе мен күлден тұратын ұсақ дисперсті бөлшектердің түзілуіне алып келіп, олардың ауада ұзақ уақыт қалқып тұруы салдарынан ауаның ластану деңгейіне елеулі әсер етіп отыр.

Ауа сапасы орташа деңгейде бағаланады және өңір тұрғындарының денсаулығына қауіп төндірмейді.

Атмосфералық ауаның сапасын бақылау тұрақты жалғасуда.

Бұл ретте, 2-ші дәрежелі қолайсыз метеожағдайдың сақталуына байланысты 2.02.2026 Өскемен қаласының барлық мектептерінде 0-11 сыныптар бірінші, екінші ауысымда қашықтан оқытуға көшірілгені белгілі болды.

Айта кетсек, 2026 жылғы 1 ақпанда Қазақстанның он екі қаласында ауа сапасының нашарлауы мүмкін екенін ескертілген болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!