Прокуратура органдарында азаматтарды қабылдау және өтініштерді қарау тәртібі өзгерді
© Фото: Zakon.kz/Екатерина Елисеева
Бас прокурор 2026 жылғы 3 шілдедегі бұйрығымен бірқатар нормативтік құқықтық актіге, соның ішінде ҚР прокуратура органдарында өтініштерді қарау жөніндегі нұсқаулыққа және лауазымды тұлғаларының жеке және заңды тұлғалар өкілдерін жеке қабылдау қағидаларына өзгерістер енгізді.
Құжатқа сәйкес, жасалған немесе дайындалып жатқан қылмыстық құқық бұзушылық туралы арыздар мен хабарламалар, сондай-ақ қылмыстық іс жүргізуді жүзеге асыратын органдар мен лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне берілген шағымдар Қылмыстық-процестік кодекске және Бас прокурордың ҚПК қолдану мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес қаралады.
Жедел-іздестіру және қарсы барлау қызметі саласына қатысты өтініштер мен хабарламалар Қазақстан Республикасының жедел-іздестіру және қарсы барлау қызметі туралы заңнамасына сәйкес қаралады.
Депутаттық сауалдар (соның ішінде Қазақстан Республикасы азаматтарын ақтау мәселелеріне қатысты сауалдар) прокуратураға келіп түскен күннен бастап бір айдан кешіктірілмей қаралады.
Депутаттық сауал бойынша жиналған барлық тексеру материалдары шешімнің (жауаптың) жобасымен немесе Құрылтайда сөйлейтін сөздің жобасымен бірге Бас прокурорға сауалды қарау мерзімі аяқталғанға дейін кемінде үш жұмыс күні бұрын ұсынылуы тиіс.
Ұсталған, қамауда отырған немесе қылмыстық жазасын өтеп жатқан адамдардың өтініштері мен хабарламаларын қарау тәртібі Қылмыстық-процестік кодекспен және Қылмыстық-атқару кодексімен айқындалады.
Қағаз түрінде келіп түскен өтініштер, хабарламалар, ұсыныстар, пікірлер, сауалдар, депутаттық сауалдар және оларға қоса берілген құжаттар келіп түскен күні тіркеліп, өтініштерді, хабарламаларды, ұсыныстарды, пікірлер мен сауалдарды тіркеуге, қарауға және есепке алуға арналған цифрлық жүйеге енгізіледі.
Бас прокуратураның Call-орталығына келіп түскен өтініштер, хабарламалар, ұсыныстар, пікірлер мен сауалдар дереу цифрлық жүйеде тіркеліп, қарау үшін Бас прокуратураның өтініштермен жұмыс және іс жүргізу жөніндегі құрылымдық бөлімшесіне, ал төмен тұрған прокуратураларда осы жұмысқа жауапты қызметкерлерге жолданады.
Бас прокуратураға келіп түскен бастапқы өтініштер, хабарламалар, ұсыныстар, пікірлер мен сауалдар үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде қарау үшін төмен тұрған прокуратура органдарына, өзге де әкімшілік органдарға және ұйымдарға жолданады. Бұл туралы өтініш берушіге жазбаша түрде хабарланады.
Жалпыға қолжетімді цифрлық жүйелер арқылы келіп түскен және Цифрлық кодекстің 62-бабының талаптарына сәйкес келетін өтініштер, хабарламалар, ұсыныстар, пікірлер мен сауалдар қаралуға жатады.
Хабарламаны, ұсынысты, пікірді немесе сауалды қарау кезінде лауазымды тұлға онда көрсетілген уәждерді жан-жақты, толық әрі объективті түрде тексеріп, нақты мән-жайларды анықтап, зерделейді.
Қажет болған жағдайда шағым жасалған әрекеттер мен шешімдерге қатысты лауазымды және өзге де тұлғалардан түсініктеме алады. Сондай-ақ әкімшілік іс бойынша нақты мән-жайларды анықтау мақсатында өз бастамасымен қажетті материалдарды сұратып алып, зерделейді және әкімшілік іс бойынша шешім қабылдау кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларын дұрыс айқындап, қолданады.
Бас әскери прокурордың, Бас көлік прокурорының, облыстар прокурорларының және оларға теңестірілген прокурорлардың (астана мен республикалық маңызы бар қалалар прокурорларының) тиісті бағасын алмаған азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының жүйелі түрде бұзылуы, заңның көптеп немесе өрескел бұзылуы туралы хабарламалар, сондай-ақ қоғамда кең резонанс тудырған, мемлекеттің, азаматтар тобының немесе жекелеген азаматтардың мүдделеріне қатысты конституциялық құқықтар мен бостандықтардың бұзылуы жөніндегі хабарламалар тиісті өңірге барып тексеріледі.
Мұндай хабарламалар бойынша тексеру жүргізу үшін өңірге шығу туралы шешімді төмен тұрған прокуратуралардың алдыңғы тексеру материалдарын алдын ала зерделеу нәтижелері негізінде құрылымдық бөлімше басшысының дәлелді баянаты бойынша Бас прокурор немесе оның орынбасарлары қабылдайды.
Бас прокурордың қарауына енгізілетін өңірге шығу туралы баянат Бас прокурордың жетекшілік ететін орынбасарымен келісіледі.
Тексеру Бас прокурордың жетекшілік ететін орынбасары бекіткен тексеру жоспарына сәйкес жүргізіледі.
Тексеру жоспарында тексерудің атауы, тексерілуге тиіс мәселелердің тізбесі, тексеруге тартылатын лауазымды тұлғалар, сондай-ақ тексерудің басталу және аяқталу күндері көрсетіледі.
Тексеру қорытындысы жүргізілген іс-шаралар, ықтимал әлеуметтік салдарлар, қабылданған прокурорлық қадағалау және ден қою актілері, сондай-ақ өтініш берушілердің уәждерінің қаралуы немесе оларды шешу жөніндегі ұсыныстар қамтылған анықтама түрінде ресімделеді.
Бас әскери прокуратурада, Бас көлік прокуратурасында, облыстардың және оларға теңестірілген прокуратуралардың (астана және республикалық маңызы бар қалалар прокуратураларының) аудандық және оларға теңестірілген прокуратураларға осыған ұқсас хабарламалар бойынша тексеру жүргізу үшін шығу туралы шешімді Бас әскери прокурор, Бас көлік прокуроры, облыс прокуроры немесе оған теңестірілген прокурор (астана және республикалық маңызы бар қала прокуроры) жетекшілік ететін орынбасарымен келісілген құрылымдық бөлімше басшысының баянаты негізінде қабылдайды.
Бас прокурордың орынбасарлары мен Бас прокуратура Аппаратының басшысы төмендегі өтініштер, хабарламалар, ұсыныстар, пікірлер, сауалдар және өтінішхаттар бойынша шешім қабылдайды:
- Президенттің, Премьер-министрдің, Құрылтай төрағасының, Президент Әкімшілігінің басшысы мен оның орынбасарларының, Конституциялық сот төрағасының, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысының, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің бақылауына алынған өтініштер бойынша;
- Президенттің көмекшілері мен кеңесшілерінен, Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының орынбасарларынан, Президент Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелері басшыларынан келіп түскен және қарау нәтижелері туралы ақпарат беруді талап ететін өтініштер бойынша;
- Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелері басшыларының, Бас әскери прокурордың, Бас көлік прокурорының, облыс прокурорларының және оларға теңестірілген прокурорлардың (астана және республикалық маңызы бар қалалар прокурорларының) ауыртпалық салатын әкімшілік актісінің күшін жою, олардың шешімдеріне және (немесе) әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), сондай-ақ прокуратура органдарының ведомстволары, мекемелері мен білім беру ұйымдары, Бас әскери прокуратура, Бас көлік прокуратурасы, облыс прокуратуралары және оларға теңестірілген прокуратуралар басшыларының шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау туралы;
- Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелері басшыларының, Бас әскери прокурордың, Бас көлік прокурорының, облыс прокурорларының және оларға теңестірілген прокурорлардың (астана және республикалық маңызы бар қалалар прокурорларының) ауыртпалық салатын әкімшілік актісінің күшін жою және жаңа әкімшілік акт қабылдау туралы;
- бұған дейін Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелері басшылары шешім (жауап) қабылдаған алдыңғы өтініштермен, хабарламалармен, ұсыныстармен, пікірлермен, сауалдармен және өтінішхаттармен байланысты мәселелер бойынша;
- қанағаттандырусыз қалдыру туралы;
- олардың жеке қабылдауында келіп түскен өтініштер бойынша;
- әкімшілік акт қабылдау туралы;
- осы тармақтың 1) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, өзге де өтініштер, хабарламалар, ұсыныстар, пікірлер, сауалдар және өтінішхаттар бойынша.
Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерінің басшылары немесе оларды алмастыратын тұлғалар төмендегі өтініштер, хабарламалар, ұсыныстар, пікірлер, сауалдар және өтінішхаттар бойынша шешім (жауап) қабылдайды:
- Бас прокуратура құрылымдық бөлімшелері басшыларының орынбасарлары, Бас әскери және Бас көлік прокуратураларының, облыстар прокуратураларының және оларға теңестірілген прокуратуралардың (астана және республикалық маңызы бар қалалар прокуратураларының) басшылығы шығарған ауыртпалық салатын әкімшілік актінің күшін жою немесе олардың шешімдеріне және (немесе) әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), сондай-ақ Бас прокуратура құрылымдық бөлімшелері басшылары орынбасарларының, Бас әскери және Бас көлік прокуратуралары, облыстар прокуратуралары және оларға теңестірілген прокуратуралар басшылығының шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау туралы;
- Бас прокуратура құрылымдық бөлімшелері басшыларының орынбасарлары, Бас әскери және Бас көлік прокуратураларының, облыстар прокуратураларының және оларға теңестірілген прокуратуралардың (астана және республикалық маңызы бар қалалар прокуратураларының) басшылығы шығарған ауыртпалық салатын әкімшілік актінің күшін жою және жаңа әкімшілік акт қабылдау туралы;
- әкімшілік әрекет жасау туралы;
- әкімшілік актісі немесе әкімшілік әрекеті (әрекетсіздігі) шағымданылып отырған төмен тұрған прокуратура органының басшылығына әкімшілік рәсімді жүзеге асыру үшін, анықталған бұзушылықтарды және оларды жою жөніндегі ұсыныстарды көрсете отырып, әкімшілік істі жолдау туралы;
- әкімшілік актісі немесе әкімшілік әрекеті (әрекетсіздігі) шағымданылып отырған әкімшілік органға немесе лауазымды тұлғаға әкімшілік рәсімді жүзеге асыру үшін, анықталған бұзушылықтарды және оларды жою жөніндегі ұсыныстарды көрсете отырып, әкімшілік істі жолдау туралы;
- Премьер-министр орынбасарларынан, Премьер-министр Кеңсесінің басшысынан, Құрылтай депутаттарынан (депутаттық сауалдарды қоспағанда), Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағаларынан, саяси партиялар басшыларынан келіп түскен және қарау нәтижелері туралы ақпарат беруді талап ететін өтініштер бойынша;
- қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылданған өтініштер мен хабарламаларды қоспағанда, бағынысты қызметкерлердің шешімдері мен (немесе) әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жасалған шағымдар бойынша;
- сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында заңдылықтың сақталуын қадағалау саласына қатысты және қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылданған өтініштер бойынша;
- әкімшілік акт қабылдау туралы;
- хабарламаның, ұсыныстың, пікірдің, сауалдың және өтінішхаттың мәні бойынша жауап, оның ішінде ақпарат беру туралы;
- әкімшілік рәсімді, оның ішінде оңайлатылған әкімшілік рәсімді тоқтату туралы;
- қараусыз қалдыру туралы;
- назарға алу туралы;
- осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, өзге де өтініштер, хабарламалар, ұсыныстар, пікірлер, сауалдар және өтінішхаттар бойынша.
Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының лауазымды тұлғаларының жеке және заңды тұлғалар өкілдерін жеке қабылдау қағидаларына да өзгерістер енгізілді.
- Атап айтқанда, ішкі істер органдарының, пенитенциарлық және арнайы мекемелердің (тергеу изоляторлары, уақытша ұстау изоляторлары, арнайы қабылдау орындары, қабылдау-тарату орындары, гауптвахталар) ғимараттарында жеке тұлғаларды қабылдауды кезекші прокурорлар бекітілген кестеге сәйкес жүргізеді. Бұл кесте мекеме ғимараттарында ілінеді. Қабылдау қорытындысы бойынша өтініш иесінің деректері мен қабылданған шаралар көрсетіле отырып, мәліметтер прокуратура органдарының Бірыңғай ақпараттық-талдау жүйесінде (БАТЖ) тіркеледі.
- Шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды қабылдау Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі нұсқаулығының, сондай-ақ прокуратура органдарының, ведомстволарының, мекемелері мен білім беру ұйымдарының әкімшілік ғимараттарында өткізу және объектішілік режимді қамтамасыз ету қағидаларының талаптарына сәйкес жүргізіледі.
- Қажет болған жағдайда шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды қабылдауға аудармашы қатысады.
- Жеке қабылдау барысында берілген шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың өтініштері, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше тәртіп көзделмесе, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қаралады.
- Аудандық және оларға теңестірілген прокурорлар, сондай-ақ олардың орынбасарлары азаматтарды елді мекендерге, кәсіпорындарға, мекемелер мен ұйымдарға барып қабылдай алады.
- Ішкі істер органдарында, пенитенциарлық және арнайы мекемелерде (тергеу изоляторлары, уақытша ұстау изоляторлары, арнайы қабылдау орындары, қабылдау-тарату орындары, гауптвахталар) кезекші прокурорлардың азаматтарды қабылдауы аптасына кемінде бір рет өткізіледі.
- Азаматтарды қабылдауға уәкілетті прокурордың барлық әрекеті "Азаматтарды қабылдау орталығы" автоматтандырылған жұмыс орны" (АРМ "АҚО") цифрлық жүйесінде, сондай-ақ прокуратура органдарының Бірыңғай ақпараттық-талдау жүйесінде (БАТЖ) тіркеледі.
- Жеке қабылдау барысында келіп түскен өтініштер сканерленіп, БАТЖ-да тіркеледі. Мұндай өтініштерге "Жеке қабылдаудан" деген белгі қойылады.
- Бұдан бөлек, өзгерістер мынадай қағидаларға енгізілді:
- мемлекеттік қызметтен теріс себептермен босатылған адамдар туралы арнайы есеп мәліметтерін жүргізу, пайдалану және сақтау қағидаларына;
- тергеу әрекеттерінің барысы мен нәтижелерін тіркеуге арналған ғылыми-техникалық құралдарды қолдану қағидаларына;
- мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін тәртіптік теріс қылық жасаған адамдар туралы арнайы есеп мәліметтерін жүргізу, пайдалану және сақтау қағидаларына;
- анықтау, тергеу және соттан жасырынған, жазаны өтеуден немесе пробациялық бақылаудан жалтарған іздеудегі адамдарды, хабар-ошарсыз кеткендерді, туыстарымен байланысын жоғалтқан адамдарды, өзі туралы деректерді хабарлай алмайтын адамдарды, жеке басы анықталмаған мәйіттерді, сондай-ақ атқарушылық іс жүргізулер бойынша борышкерлерді, мемлекеттің мүддесіне берілген талап-арыздар бойынша жауапкерлерді, алимент өндіру, денсаулыққа келтірілген зиянды немесе асыраушысынан айырылуға байланысты келтірілген залалды өтеу жөніндегі іздеудегі адамдарды арнайы есепке алу мәліметтерін жүргізу, пайдалану және сақтау қағидаларына;
- қылмыстық құқық бұзушылық жасаған, қылмыстық жауаптылыққа тартылған және тартылып жатқан адамдарды, сондай-ақ ұсталған, қамауда отырған және сотталған адамдардың дактилоскопиялық есебін жүргізуге қатысты арнайы есеп мәліметтерін жүргізу, пайдалану және сақтау қағидаларына;
- Қазақстан Республикасы прокуратура органдары жүйесіндегі жоғары тұрған басшылық лауазымдарға орналасуға арналған конкурс өткізу қағидаларына және басқа да бірқатар нормативтік құқықтық актілерге.
Өзгерістер құжаттарды Қазақстан Республикасының жаңартылған Конституциясы мен Цифрлық кодексіне сәйкестендіру мақсатында енгізілді. Атап айтқанда, құжаттар мәтінінде "ақпараттық жүйе" ұғымы "цифрлық жүйе" ұғымымен, ал "шетелдіктер" термині "шетел азаматтары" терминімен ауыстырылды.
Бұйрық 2026 жылғы 26 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
17:37, 21 шілде 2026
Білім беру гранттары конкурсына қанша талапкер өтініш тапсырды
-
17:21, 21 шілде 2026
Астана тұрғыны әскердегі зорлық туралы жалған ақпарат таратқаны үшін сотталды
-
17:15, 21 шілде 2026
Лос-Анджелес-2028 Олимпиадасы: ойындарға билетті қалай сатып алуға болады
-
17:11, 21 шілде 2026
Қазақстанда аптап ыстық бәсеңдеп, ауа температурасы +38°С-қа дейін төмендейді
-
16:53, 21 шілде 2026
Көлік полицейлері елге діни әдебиетті заңсыз әкелудің жолын кесті





