Көлік полицейлері елге діни әдебиетті заңсыз әкелудің жолын кесті

16:53, 21 шілде 2026
MKZ: 1557267

© Фото: Zakon.kz/Оксана Даирова

Шымкент халықаралық әуежайында көліктегі полиция бөлімшесінің қызметкерлері діни әдебиетті заңсыз әкелу фактісінің жолын кесті. Бұл туралы көліктегі ПД бастығының бірінші орынбасары Теміржан Рамазанов мәлімдеді.

Оның айтуынша, Стамбұл – Шымкент бағытындағы әуе рейсі ұшып келгеннен кейін жолаушыларды тексеру барысында көлік полицейлері Түркістан облысының 47 жастағы тұрғынын анықтаған.

Азаматтан Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұза отырып әкелінген 25 діни мазмұндағы әдебиет табылып, тәркіленді.

"Аталған дерек бойынша ер адам діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де материалдарды белгіленген тәртіпті бұза отырып әкелгені үшін жауапкершілікке тартылды", – деді Теміржан Рамазанов.

Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасының "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" Заңына сәйкес, жеке пайдалануға арналған әр атаудың бір данасын қоспағанда, діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге тек тіркелген діни бірлестіктерге, дінтану сараптамасының оң қорытындысы болған жағдайда ғана рұқсат етіледі.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!