Президент: Кітап оқу – жастарды ақпарат тасқынына жұтылып кетуден сақтайтын рухани қалқан

14:47, 5 қазан 2026
MKZ: 1570561

© Фото: akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект дәуірінде кітап оқудың маңызы арта түсетінін айтып, кітап оқуды жастарды үстірт ойлаудан және ақпарат тасқынына жұтылып кетуден сақтайтын рухани қалқан деп атады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысы өткен аптада Астанада жасанды интеллект тақырыбына арналған бірқатар ауқымды іс-шара өткенін атап өтті.

Оның ішінде AI & Digital Bridg – 2026 форумы, сондай-ақ мамандар мен сарапшылардың қатысуымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің отырысы өтті.

Президенттің айтуынша, бұл отырыста Қазақстанның жасанды интеллект саласында айтарлықтай жетістіктерге жеткені айтылды. Алайда жаңа технологиялардың қарқынды дамуына байланысты бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыру қажет.

Сонымен қатар Астанада алғаш рет Astana AI Film фестивалі өткен. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл шараны озық инновациялық іс-шара деп атап өтті.

"Шын мәнінде, бұл – нағыз озық инновациялық іс-шара деп айтуға болады. Өйткені дәл осы өте өзекті және маңызды шара аясында Астана қаласында әлемде алғаш рет жасанды интеллектінің кино өнеріндегі көрінісі пайда болды", – деді Президент.

Мемлекет басшысы жасанды интеллектінің дамуы дәстүрлі кино өндірісінің рөліне де әсер етіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, енді фильм түсіретін мамандар шенеуніктердің, демеушілер мен продюсерлердің қолдауына тәуелді болмай, өз бетінше толыққанды кино туындысын жасай алады.

Сонымен бірге Президент озық технологиялар дәуірінде кітап оқудың мән-маңызын арттыру қажет екенін айтты.

Оның пікірінше, өскелең ұрпаққа кітап оқудың құндылығын сіңіруге бүкіл қоғам атсалысуы керек.

"Халқымыздың асыл перзенті Әбіш Кекілбаевтың "Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана" деген тамаша сөзі бар. Кітап білімпаздыққа, жанашырлыққа, парасаттылыққа, еңбекқорлыққа баулиды. Кітап оқу – азаматтарды, әсіресе жастарды үстірт ойлаудан және ақпарат тасқынына жұтылып кетуден сақтап қалатын рухани қалқан", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент осыған байланысты биыл мамыр айында "Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы" Жарлыққа қол қойғанын еске салды.

Мемлекет басшысының айтуынша, бұл міндетті іске асыру үшін Үкімет жыл соңына дейін тиісті тұжырымдама қабылдайды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!