Павлодар облысындағы аудандардың бірінде су тасқынынан зардап шеккендерге үй салына бастады

21:14, 19 сәуір 2024

© Сурет: pavlodarnews.kz

Павлодар облысы Ақтоғай ауданында су тасқынынан зардап шеккендерге арналған тұрғын үй құрылысы басталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

19 сәуірде Рavlodarnews.kz Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Ермек Машриковқа сілтеме жасай отырып, зардап шеккендерге бес үй салынатынын хабарлады. Су тасқыны кезінде негізі, 14 үйді су алған. Құрылыс жұмыстары үш айда аяқталады деп жоспарлануда.

"Экспертизадан кейін тоғыз үй апатты болып танылды. Яғни, үйлер жөндеуге жарамсыз. Тоғыз үйдің иелеріне демеушілер тарапынан 48 миллион теңге қаржылай көмек көрсетілді. Құрылыс жұмыстарын бақылауда ұстаймыз", – дейді Ермек Машриков.

Республикада орын алған су тасқыны салдарынан зардап шеккендердің ішінде Ақтоғай ауданының Жалаулы ауылының тұрғындары да бар. Бүгінгі таңда өңірде тілсіз жаудың беті қайтып, жағдай оңала бастаған. Сонымен қатар, демеушілерден бөлінген арнайы қаражатқа зардап шеккен тұрғындарға жаңа үйлер салынуда. Бұл жұмыстарды "Ақтоғай Агро" ЖШС атқаруда.

"Үйлер жаңа методикамен салынуда. Үш айдың ішінде бітіреміз деп ойлаймыз", – дейді мердігер компанияның құрылыс бөлімінің бастығы Айдархан Шарапиденов.

Табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындардың айтуынша, мұндай жағдай алғаш рет орын алып тұрған жоқ. Бұған дейін де болған.

"Су басады деп ешкім ойлаған жоқ. Бірақ мен мұндайды өмірімде екінші рет көріп тұрмын. Бірінші рет 1985 жылы осылай су кірген. 39 жылдан кейін тағыда қайталанып жатыр. Тәубә, бүкіл халық болып көмектесуде, рақмет барлықтарыңызға", – дейді Мархабат Сматаев.

1985 жылы орын алған жағдайды Светлана Мулина да есіне алды. Тұрғынның ауылда тұрып жатқанына 50 жыл болып қалған.

"Жағдай қазір тұрақталды. Құтқарушылар да талмай еңбек етіп, қолдарынан келген көмектерін көрсетуде. Мен мұнда 47 жыл өмір сүремін. Жасым тоғызда болған кезде су тасқыны орын алып, қайықпен жүргеніміз әлі есімде", – дейді Светлана Мулина. – Сарбаздарға рақмет, 200 адам келді.

Светлана Мулина өзінің туып-өскен үйін көрсетіп, көзіне жас алды. Ол апат басталар күні үлкен ұлымен бірге бөгет қоя бастаған. Алайда су қайдан келгені белгісіз, үйдің ішінен бір-ақ шыққан.

Айта кету керек, ел Президентінің тапсырмасы бойынша су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетілуде. Демеушілік қаражат есебінен 98 миллион теңгеге 120 отбасы өтемақы алды. Өңірде қалпына келтіруге келмейтін 7 үй тіркелді. Оның ішінде екі отбасыға сол елді мекеннен басқа тұрғын үй сатып алынды. Ал, қалған 5 отбасы үшін жаңа үйлердің құрылысы басталды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!