Парсы шығанағындағы шиеленіс аясында мұнай бағасы 70 долларлық межеден асты
© Фото: pexels
2026 жылдың қаңтарын әлемдік энергетикалық нарықтар айқын алаңдаушылық күйінде аяқтап отыр. Brent маркалы мұнай бағасы күрт өсіп, бір апта ішінде 5%-дан астамға қымбаттаса, айлық өсімі 10,6% болды, деп хабарлайды Zakon.kz.
29 қаңтарда мұнай бағасы баррелі үшін 70 долларлық шектен асты, алайда бүгін таңертең Intercontinental Exchange (ICE) биржасындағы сауда барысында баға сәл төмендеп, 68,5 доллар деңгейіне шегінді.
Ақ үй риторикасы және Иран факторы
Investing.com деректеріне сәйкес, "қара алтынның" бағасы Вашингтон мен Тегеран арасындағы қарым-қатынастың күрт ушығуы аясында соңғы төрт айдағы ең жоғары деңгейге жетті.
Бұл ретте, АҚШ президентінің Иранның ядролық инфрақұрылымына және ел басшылығына соққы беру мүмкіндігін қарастырып жатқаны туралы хабарлар бағаның өсуіне негізгі түрткі болды. Ал Тегеран келіссөздерді қайта бастауға шақыруды қабылдамай, қарымта жауап беретіндігін айтып қорқытты.
АҚШ әскери-теңіз күштерінің қозғалысы да жағдайды одан әрі ушықтыра түсті. Таяу Шығыс жағалауларына авианосецтік соққы тобы жеткен, ал Трамптың мәлімдеуінше, тағы бір "армада" жолда. Дегенмен қазақстандық сарапшылар дүрбелеңге берілмеуге және жағдайды әскери логистика тұрғысынан бағалауға шақырады.
Авианосецтер дипломатиясы
Саясаттанушы Замир Каражанов ауқымды соғыс басталатындығына күмәнмен қарайды.
Оның айтуынша, АҚШ-тың "Авраам Линкольн" авианосеці Парсы шығанағына келгеннен кейін АҚШ пен Иран арасындағы үлкен соғыс туралы әңгімелер қайта күшейді. Алайда нақты деректер бұл жағдайды нақты басқыншылықтан гөрі "авианосецтер дипломатиясы", яғни күш көрсету арқылы қысым жасау деп бағалауға негіз береді.
1991 жылы "Буря в пустыне" операциясы кезінде, Кувейтті Ирак оккупациясынан босату мақсатында, АҚШ аймақта алты авианосецтік топты шоғырландырған. Ал 2003 жылы "Шок и трепет" операциясы басталғанда, олардың саны беске жеткен.
Сол кезеңдегі Ирактың әскери әлеуеті қазіргі Иранмен салыстырғанда әлдеқайда төмен болған. Қазіргі Иран дамыған әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесіне және мобильді зымыран кешендеріне ие.
USNI News Fleet Tracker деректеріне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар айының соңында Парсы шығанағындағы АҚШ-тың жалғыз ірі әскери күші – "Авраам Линкольн" авианосеці. Қалған флот әлемнің басқа өңірлеріне бөлінген. Атап айтқанда, "Джордж Вашингтон" авианосеці Жапонияда, ал "Джеральд Форд" Венесуэладағы қаңтар оқиғаларынан кейін әлі де Кариб теңізінде қалып отыр.
Иранға қарсы нақты соғыс жүргізу үшін Парсы шығанағындағы бір ғана авианосецтік топ жеткіліксіз. АҚШ әскери доктринасы айқын әрі басым артықшылықты талап етеді, ал оны жасырын түрде қамтамасыз ету мүмкін емес.
"Аймақта "Авраам Линкольннің" болуы – бұл классикалық "авианосецтер дипломатиясы", яғни күш көрсету және Иранға қысым жасау әрекеті. Иран билігінің мұндай арандатуға көнетініне де сенімді емеспін", – дейді Замир Каражанов.
Саяси факторлардан бөлек, мұнай бағасына табиғи апаттар да әсер етуде. АҚШ-тағы сары аяз салдарынан тәулігіне кемінде 2 миллион баррель мұнай өндіру тоқтатылды. Елдегі мұнай қоры бір апта ішінде 2,3 миллион баррельге қысқарды, бұл сарапшылар болжамынан он есе көп.
ОПЕК+ не күтеді?
Аптаның соңғы маңызды оқиғасы – жексенбіге жоспарланған ОПЕК+ кездесуі болмақ. Картель қазіргі өндіріс квоталарын өзгеріссіз қалдырады деген болжам бар. Bloomberg жазғандай, ұсыныстың артуынан туындаған алаңдаушылықтарға қарамастан, АҚШ-тағы ағымдағы тапшылық пен Иран төңірегіндегі шиеленіс альянсты күту тактикасын ұстануға итермелеуі мүмкін.
Қазақстан үшін мұндай құбылмалылық екі ұшты жағдай: бір жағынан, жоғары бағалар бюджетке қосымша табыс әкелсе, екінші жағынан, белгісіздік мұнай өндіруді ұзақ мерзімді жоспарлауға кедергі келтіреді. Алдағы күндері негізгі фактор "авианосецтер дипломатиясы" болмақ: егер Тегеран шиеленісті ушықтырмаса, Brent мұнайының бағасы 65–68 доллар аралығында тұрақтануы мүмкін.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
18:25, 30 қаңтар 2026
Маңғыстауда Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдағы сөзі өңірлік зиялы қауыммен талқыланды
-
18:13, 30 қаңтар 2026
Оралда полиция алаяқтық схемасын әшкереледі
-
18:00, 30 қаңтар 2026
Степногорск әкімі жауапкершілікке тартылды
-
18:00, 30 қаңтар 2026
Степногорск тұрғындары жылуға 8,1 млн теңге артық төлеген: қала әкімі жауапкершілікке тартылды
-
17:43, 30 қаңтар 2026
Боран, жаңбыр және көктайғақ: 31 қаңтарда ауа райы қандай болады





