«Өлгенше сабаған». Тараздағы медицина қызметкерінің өліміне қатысты тың деректер жарияланды

19:50, 9 қыркүйек 2026
MKZ: 1566020

© Фото: zakon.kz

Таразда жергілікті аурухананың 29 жастағы қызметкері қатыгездікпен өлтірілген. Кісі өлімі фактісі бойынша құқық қорғау органдары ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Жамбыл облыстық полиция департаменті қоғамдық резонанс тудырған оқиғаны тексеру барысына қатысты мәліметпен бөлісті.

"Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің "Адам ұрлау" және "Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеліп соқтырған денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары жүріп жатыр", деп нақтылады ведомствоның баспасөз қызметі 2026 жылы 9 қыркүйекте Zakon.kz тілшісіне.

Құқық қорғау органдары аталған іс бойынша басты күдіктінің ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын, ал оқиғаға қатысты өзге де адамдардың рөлі қазір анықталып жатқанын жеткізді.

"Қазіргі уақытта істің мән-жайын жан-жақты, толыққанды және объективті түрде анықтауға бағытталған қажетті тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы Жамбыл облысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында", - деді ПД баспасөз қызметі.

Сонымен қатар әлеуметтік желіде бұл қылмыстың жаға ұстатар мәліметтері пайда болды. Қаза тапқан жігіттің қарындасына сілтеме жасай отырып, Instagram-дағы Qumash паблигінің хабарлауынша, Думанды пациенттердің бірінің бұрынғы күйеуі сөйлесуге шақырған.

Туысқанының айтуынша, медицина қызметкері мен әйелдің арасында жұмыстан басқа ешқандай қатынас болмаған, бұл телефондағы хат алмасулармен де расталады.

Кездесу кезінде 29 жастағы ер адамға үш адам жабылған. Олар оны басынан ұрып, жүк салғышқа күштеп салып, Аса өзені жағасына апарып, қатыгездікпен ұрып-соққан. Содан кейін зардап шеккен адамды өз көлігімен ауруханаға жеткізіп, "көшеден тауып алдық" деп айтқан. Медицина қызметкері есін жимастан көз жұмды.

Марқұмның қарындасы Думанның артында екі кішкентай қызы қалғанын, жақында ол 30 жасын тойлағалы отырғанын айтқан. Отбасы бұл қылмысқа қатыстылардың бір бөлігі жауапкершіліктен жалтарып кете ме деп қауіптенеді және барлық кінәлілердің табылып, әділ жазалануын талап етеді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!