Непал мен Қытайдағы алапат су тасқынынан кейін 3 мыңнан астам адам хабар-ошарсыз кеткен

17:33, 29 тамыз 2026
MKZ: 1564145

© Сурет: Zakon.kz/ЖИ

Непал мен Қытай шекарасында болған алапат су тасқынынан кейін 3 мыңнан астам адам хабар-ошарсыз кеткендер қатарында. Құтқару операциясы төртінші күн қатарынан жалғасып жатыр. Қаза тапқандар саны 600-ден асты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ең ауыр жағдай Непалда қалыптасқан. Мұнда 600-ден астам адамның қаза тапқаны расталды. Қытайда кемінде жеті адам көз жұмған. Апаттан зардап шеккен аудандарда іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Алайда билік демалыс күндері жауын-шашынның қайта күшеюі құтқарушылардың жұмысына кедергі келтіруі мүмкін деп алаңдайды.

Непал арнайы көмек көрсету үшін басқа елдерге де жүгінді. Сыртқы істер министрі Шишир Ханалдың айтуынша, елге, соның ішінде, мәйіттерді сақтауға арналған қосымша тоңазытқыш камералар қажет. Себебі табылған мәйіттердің саны өте көп. Билік қазіргі мүмкіндіктердің жеткіліксіз екенін ескертті. Тұлғасы анықталмаған мәйіттерді жаппай қабірге жерлеу жоспарланып отыр, деп жазады CNN.

Құтқару жұмыстарына Қытай мамандары да қосылды. Тоннельдердегі жұмыстарға маманданған бес сарапшы Непалға келіп үлгерді, тағы төртеуі апат болған аймақтарға жол тартты. Мамандардың бір бөлігі су электр станциясының тоннеліндегі іздеу жұмыстарына тартылған.

Спутниктік мәліметтерге сәйкес, апатқа Непалдың солтүстігіндегі Лангтанг-Лирунг тауы маңында болған ауқымды мұздық опырылысы себеп болуы мүмкін. Мұздықтың ені шамамен 600 метр болатын бөлігі бөлініп, артынша тау көшкіні жүрген.

Шамамен 2100 метр биіктіктен орасан зор мұз, су, тас пен топырақ массасы төмен қарай құлаған. Соққының күші соншалық, бастапқыда оны жер сілкінісі деп қабылдаған.

Алапат ағын тар тау шатқалдарымен төмен түсіп, жолындағы үйлерді, көпірлерді, жолдарды және энергетикалық инфрақұрылым нысандарын қиратып кеткен. Оқиға куәгерлері мен мамандар қозғалған алып массаны "сұйық бетонға" теңеген.

Құтқарушылар үйінділерді аршып, хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеуді жалғастырып жатыр. Зардап шеккен көптеген елді мекенде тұрғындардың бір бөлігі әлі күнге дейін жақындарының тағдыры туралы ақпарат ала алмай отыр.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!