Наурыз мейрамы қарсаңында Қабанбай батырға ескерткіш орнатылды

22:38, 22 наурыз 2017

Атам қазақ еліне қорған болған ерлерін қашанда құрметтей білген. Әз-Наурызға орай Шығыстағы Үржар ауданында қазақтың хас батыры, дарабоз қолбасшы Қаракерей Қабанбай батырға ескерткіш орнатылды.

Болат Көкенайұлы, тілші:

-Үржарлықтар үшін биыл атаулы күндер, мерейтойлар аз емес. Солардың бірі – Қабанбай батырдың 325 жылдығы, Әсет ақынның 150 жылдығы бүгінгі Наурыз мерекесіндегі тақырыптан тыс қалған жоқ. Еселі еңбек пен береке, бірлікті ту еткен халық осылайша Наурыз мерекесін ерекше көңіл-күймен қарсы алды.

Биіктігі 10 метр, гранит тастан қашап жасалған еңселі ескерткіш Үржар ауылының ажарын аша түсті. «Бабалар ерлігі – елге мұра, ұрпаққа өнеге», – деп есептейді Қабанбай батырдың ұрпақтары.

Құсман Шалабаев, жобаның авторы:

-Жер-жерде атпен тұрған батырлардың барлығы бір-біріне ұқсас, ажырата алмаймыз. Тек қана батыр деген аты ғана. Сондықтан ең бірінші берген ойымыз – білектің күші, найзаның ұшы. Осындай әсермен жасалған дүние болып шықты.

Ұлан байтақ жерімізді ұрпаққа аманат еткен қазақ батырларының ерлігі арнайы өткен конференцияда да ғалымдар баяндамасына арқау болды. 

Ал қалың бұқара орталық алаңда наурызкөжеден дәм татып, құйқылжыған ән мен төгілген күйге шаттанды.

Серік Зайнулдин, Үржар ауданының әкімі:

-Былтырдың өзінде Алакөл жағасына 250 мың туристер келді. Биыл оның әлеуетін ары қарай арттырамыз ба деп отырмыз. Осыған байланысты жолымызды жөндеп жатырмыз. Жағалауды абаттандыруды дамытуға облыстық бюджеттен 500 миллион теңге ақша бөлініп отыр.

Өткен жылы Үржар ауданында егін бітік шығып, қамбаға астық мол түсті. Ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі 46 миллиард теңгеден асты. Қыстан қысылмай шыққан ағайын биыл да бел шеше еңбек етуге даяр отыр.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Анатолий Тернов, Берік Жобалайұлы

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!