«Мұндайларды түрмеге жабу керек»: Арман Шаққалиев «көлеңкелі» автодилерлер туралы қатаң пікір білдірді
© Фото: Zakon.kz
ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев 2026 жылғы 4 тамызда Үкіметтегі баспасөз мәслихатында елдің ішкі нарығын заңсыз әкелінетін көліктерден қорғауға бағытталған жаңа шаралар туралы айтып берді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Министрдің айтуынша, бұл шараларды отандық автокөлік өндірісін қолдаумен байланыстыру дұрыс емес.
"Мен мұны отандық автопромды қолдау әрекеті деп есептемеймін. Қазір еліміздегі автокөлік өндірісі жақсы қарқынмен дамып келеді. Көпбрендті зауыттар жұмыс істеп жатыр, шығарылатын көліктердің түрі көбейді әрі бағасы да бәсекеге қабілетті. Бұған қоса, қазір қазақстандық көліктерді шетелге экспорттау бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Келіссөз жүргізіп жатқан мемлекеттердің біздің көліктердің сапасына қатысты ешқандай талабы жоқ. Сондықтан бұл өзгерістердің мақсаты – адамдарды тек отандық көлік сатып алуға мәжбүрлеу емес", – деді Арман Шаққалиев.
Министрдің сөзінше, "көлеңкелі" автокөлік импортымен күрестің басты мақсаты – жол қауіпсіздігін арттыру.
"Жол-көлік оқиғаларының статистикасына қарасақ, апатқа жиі ұшырайтын көліктер – ұзақ уақыт пайдаланылған, техникалық тұрғыдан қайта жасалған, әсіресе оң рөлден сол рөлге немесе керісінше өзгертілген автокөліктер. Сондықтан Үкіметтің негізгі міндеті – бұл салада тәртіп орнату, жол қауіпсіздігін күшейту және жолдарда техникалық жағдайы нашар, ескі көліктердің жүруіне жол бермеу", – деді министр.
Арман Шаққалиевтің айтуынша, "көлеңкелі" автодилерлердің көлік сатуға заңды құқығы жоқ. Ол мұндай көліктердің арасында VIN-коды (көліктің сәйкестендіру нөмірі) өзгертілген немесе бұрын ауыр жол апатына ұшырап, кейін қайта қалпына келтірілген автокөліктер де кездесетінін айтты.
"Көп жағдайда олар VIN-коды өзгертілген көліктерді сатады. Кейбірі бұрын қатты бүлінген немесе аударылып қалған көлік болуы мүмкін. Оны шебер жөндеп, сырт көзге жаңа көліктей етіп шығарады. Кейін арзан бағаға сатып, адамдарды алдайды. Мұндай көліктердің қауіпсіздігіне ешкім кепілдік бермейді. Осындай заңсыз жолмен жұмыс істейтіндерді қорғайтындар бар. Бірақ бұған жол берілмейді. Мұндай дилерлерді анықтап, олардың заңсыз әрекетін тоқтату керек. Тіпті, кешірім сұраймын, бірақ ондайларды түрмеге жабу керек. Біз бұл мәселеде тек осындай қатаң ұстанымды қолдаймыз", – деп түйіндеді Арман Шаққалиев.
Бұған дейін Қазақстанда арнайы әлеуметтік төлемді кімдер ала алатындығын жазғанбыз.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
17:15, 4 тамыз 2026
Жазушы Мұрат Бектенов 80 жасқа қараған шағында дүниеден озды
-
17:05, 4 тамыз 2026
Қазақстан күрестен Түркиядағы халықаралық турнирде үш медаль жеңіп алды
-
16:56, 4 тамыз 2026
Қазақстандықтар несиені ешқандай шығынсыз мерзімінен бұрын өтей ала ма
-
16:47, 4 тамыз 2026
Соңғы күндердегі аптап ыстық пен нөсер жауын егінге қалай әсер етті
-
16:35, 4 тамыз 2026
Ресейдегі жанармай дағдарысы: Қазақстанда күзде азық-түлік қымбаттай ма





