Мобилографтар арасындағы байқау өз мәресіне жетті. Тоқаевтың қолтаңбасы бар iPhone кімге бұйырды

20:17, 19 қыркүйек 2024

© Сурет: Алматы қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары туралы промо-ролик түсіруге арналған мобилографтар арасындағы байқау аяқталды. Байқау қорытындысымен ҚР Президентінің кеңесшісі - Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәли бөлісті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Facebook-тегі парақшасында Берік Уәли түрлі әлеуметтік желілерде ұлы дала дүбірін жан-жақты насихаттап, белсенділік танытқан қатысушылардың барлығына ұйымдастырушылар атынан алғыс айтты. Сондай-ақ ол сайысқа қатысқан 2,5 мыңға жуық үміткерлердің ішінде алыс-жақын шет мемлекеттерден де атсалысқан азаматтар барын да нақтылады.

"Арнайы комиссия келіп түскен әрбір жұмысты мұқият қарай отырып, байқаудың қорытындысын шығарды. Сонымен Бас жүлде Берікбол Аймырзаға бұйырды! Екінші орынға Аманқұл Ерасыл ие болып, үздік үштікті Арман Тұрлыбеков қорытындылады. Руслан Абжал есімді қатысушының жұмысы төртінші орынға лайық деп танылды".Берік Уәли

Жүлде қоры төмендегідей:

Гран-при:

  • сапар немесе іс-шара барысында Президенттің жеке мобилографы ретінде бір күн жұмыс істеу.
  • Мемлекет басшысының қолтаңбасы қойылған iPhone 15 Pro Max
  • мобилографияға арналған жабдықтар жиынтығы (жарық, микрофон).
  • 1 000 000 теңге.
  • Президенттің грамотасы.

Екінші орын: 1 000 000 теңге.

Үшінші орын: iPhone 15 Pro Max.

Төртінші орын: 500 000 теңге.

Сондай-ақ басқа қатысушылар да назардан тыс қалған жоқ. Атап айтқанда, 5 және 20-орын аралығындағы жүлдеге ие болған азаматтарға ынталандыру сыйлықтары табысталады.

Өз кезегінде Берікбол Аймырза өзіне берілген бұл мүмкіндікке дән риза екенін айтып, алғыс білдірді.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қорытындысы бойынша Қазақстан 114 медаль жеңіп алды: 44 алтын, 33 күміс және 37 қола. Осындай тамаша нәтижемен еліміздің ұлттық құрамасы жалпы медальдық есепте бірінші орын иеленді. Екінші орында - Қырғызстаннан келген команда. Үшінші орынды Өзбекстан алды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!