Мемлекет басшысы 2027 жылы Қазақстанда қандай әлем чемпионаттары өтетінін айтты

13:52, 9 қараша 2026
MKZ: 1576709

© Сурет: akorda.kz

2027 жылы Қазақстанда бокс, дзюдо, таэквондо, үстел теннисі және киберспорттан әлем чемпионаттары өтеді. Сондай-ақ еліміз шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігін қабылдайды.

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Азия ойындары мен Азия пара ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімінде айтты.

Мемлекет басшысының пікірінше, бүгінде спорт елдің халықаралық беделінің бір көрсеткішіне әрі қоғамдық дипломатияның құралына айналды.

"Біз спорттың осы әлеуетін толығымен пайдалануымыз қажет. Қазақстан спорт державасы ретіндегі позициясын дәйекті түрде нығайтып, елімізде ең жоғары деңгейдегі жарыстарды ұйымдастырып келеді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, 2027 жылы бірқатар ірі жарыс елордада өтеді. Көктемде Астана УЕФА-ның 51-конгресін де қабылдайды. Бұл жиынға әлемнің түкпір-түкпіріндегі кәсіпқой футболшылар мен жанкүйерлер қызығушылық танытады.

Тоқаев мұндай ауқымды іс-шараларды өткізу үшін салалық министрлік пен спорт федерациялары, Үкімет пен Ұлттық олимпиада комитеті бірлесе жұмыс істеуі қажет екенін атап өтті.

"Өйткені мұнда Қазақстанның абырой-беделі сынға түседі. Бұл жарыстардың бәрі еліміздің имиджін арттыруға, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымды, туризмді, отандық спорт мектебін дамытуға қызмет етеді", – деді Президент.

Биыл Астанада Дүниежүзілік допингке қарсы күрес агенттігінің (WADA) конгресі өтеді.


"Қазақстан таза, допингсіз спортты ілгерілету, озық халықаралық стандарттар мен тәжірибелерді енгізу үшін күш салуға әзір. Спорттағы адал бәсекелестік қағидаттары мемлекетіміздің стратегиялық бағдарының негізіне айналған әділеттілік идеясына толығымен сай келеді", – деді Мемлекет басшысы.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!