Мемлекет басшысы: Жаһандық қауіпсіздік жүйесін ядролық қарумен ұстап тұру мүмкін емес

14:14, 19 желтоқсан 2025

© Сурет: akorda.kz

Дәріс барысында ушыға түскен ядролық қатер мәселесіне ерекше назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ядролық қарудың адамзатқа әкелген зардабын Қазақстан мен Жапониядай терең түсінетін елдер аз.

Президент Хиросима, Нагасаки және Семей қасіреттері ядролық қаруға жауапкершілікпен қарау мен ұстамдылықтың маңызын айқын көрсететінін атап өтті.

"Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Семей ядролық полигонын жабу және әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тарту туралы тарихи шешім қабылдады. Бұл әлсіздік емес, керісінше, стратегиялық көрегендік пен бейбітшілікке деген берік ұстанымның көрінісі. Осы арқылы біз адамзат қауіпсіздігі мен бейбіт өмірдің ең жоғары құндылық екенін дәлелдедік", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның бұл ұстанымынан отыз жылдан астам уақыт өтсе де айнымағанын атап өтті.

"Жаһандық қауіпсіздік жүйесін ядролық қаруға сүйеніп құру мүмкін емес. Халықаралық қоғамдастық жаппай ядролық қарусыздану жолында белсенді қадам жасап, Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың толық күшіне енуіне үлес қосуы тиіс", – деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы жаппай қырып-жоятын қаруы бар мемлекеттер арасындағы жоғары деңгейдегі диалогты қайта жандандыруға шақырып, ядролық қаруды қолдану немесе сынау қатерін жою үшін батыл әрі көпжақты әрекет қажет екенін айтты.

Президенттің пікірінше, Қазақстан мен Жапония ядролық қарусыздану бағытында әлемге үлгі көрсете алады және ірі державалар арасындағы қайшылықтарды реттеуде прагматикалық көшбасшылық танытуға әлеуеті бар.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!