Мемлекет басшысы лудоманияға қарсы заңға қол қоюға дайын екенін мәлімдеді

12:21, 27 маусым 2024

© Сурет: pixabay

Қасым-Жомарт Тоқаев 27 маусымда БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде лудоманияға қарсы заңға қол қоюға дайын екенін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оның айтуынша, интернет дамыған сайын лудомания проблемасы ушыға түсті және нағыз әлеуметтік індетке айнала бастады.

"Ең қауіпті әлеуметтік кеселдің бірі – лудомания. Құмар ойынға тәуелділік көптеген азаматты орға жығып, қарызға белшесінен батырады, отбасының шырқын бұзады, қылмысқа, суицидке итермелейді",- деді Мемлекет басшысы.

Ол сондай-ақ, осы мәселемен күресу жолында бірқатар пәрменді шаралар қабылдағанына да тоқталып өтті.

"Былтыр күзде осы мәселе бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің арнайы отырысы өтті. Жуырда менің тапсырмаммен Үкімет Заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды бекітті. Сонымен қатар тиісті заң жобасын тез арада қабылдау жөнінде бұған дейін бірнеше рет айтқан едім".Қасым-Жомарт Тоқаев

Сонымен қатар, лудоманияға қарсы заңға қол қоюға дайын екенін де баса айтты.

"Бүгінде Сенат лудоманияға қарсы заң жобасын қарайды. Егер мақұлданса, көп ұзатпай мен оған қол қоямын. Аталған Заңның күшіне енуі азаматтарымызды, ең алдымен, өскелең ұрпақты осы зиянды әлеуметтік дерттен сақтауға мүмкіндік беретініне сенімдімін. Орайлы сәтті пайдалана отырып, мәселеге бей-жай қарамай, заң жобасын жедел әрі сапалы әзірлегені үшін Мәжіліс пен Сенат депутаттарына алғыс айтқым келеді".

Лудомания – құмар ойындарға потологиялық әуестігі бар адамдардың дерті. Бүгінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ауруды ресми түрде мойындаған.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!