Мемлекет басшысы Астанада Қазақстан-Қытай жасанды интеллект мектебін ашуды ұсынды

14:41, 26 тамыз 2026
MKZ: 1563525

© Фото: freepik

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық тамыз конференциясының пленарлық отырысында Астанада Қазақстан-Қытай жасанды интеллект мектебін ашу мәселесін пысықтауды Үкіметке тапсырды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Президент жаңа формация мамандарын даярлау ісін орта білім беру жүйесінен бөліп қарауға болмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, маман даярлау төменнен жоғары қарай біртұтас жүйе ретінде құрылуы қажет.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев 18 жасқа толған жасөспірімдердің әлі де мектепте білім алып жүруі қаншалықты орынды деген мәселе көтерді.

"Әдетте Назарбаев зияткерлік мектептерінде және жекеменшік білім ошақтарында солай қалыптасқан. Қазіргі балалар физиологиялық тұрғыдан тез жетілетінін ескерсек, бұл қаншалықты ақылға қонымды?" – деді Мемлекет басшысы.

Президент Оқу-ағарту министрлігіне бұл мәселені зерделеп, қажет болған жағдайда тиісті шешімдер ұсынуды тапсырды.

"Конституциямызда жалпыға бірдей білім беру стандарты белгіленген. Мұны міндетті түрде ескеру керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанда жасанды интеллект саласындағы мамандарды даярлау мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, қыркүйекте Жасанды интеллект университеті ашылады. Алайда Президент мұнымен шектеліп қалмау қажет деп есептейді.

"Үкімет Қытайдың жаңа технологияларды меңгерудегі жетістігі мен тәжірибесін ескере отырып, Астанада Қазақстан-Қытай жасанды интеллект мектебін ашу мәселесін пысықтағаны жөн", – деді Президент.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!