Мемлекет басшысы АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының делегациясын қабылдады

20:43, 25 тамыз 2026
MKZ: 1563382

© Сурет: zakon.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Өкілдер палатасының Бюджет және салық жөніндегі комитетінің төрағасы Джейсон Смитпен, сондай-ақ Конгресс мүшелері Грег Мерфимен, Кэрол Миллермен, Ронни Джексонмен, Уэсли Беллмен және Эдвард Кейспен кездесті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысы меймандарға ілтипат білдіріп, олардың бір палаталы Құрылтай сайлауымен тұспа-тұс өтіп жатқан сапарының символдық мәніне назар аударды, делінген 2026 жылғы 25 тамыздағы Ақорда баспасөз қызметінің хабарламасында.

Қазақстан президентінің айтуынша, парламент сайлауы еліміздегі саяси жаңғырудың жаңа кезеңі басталғанын айшықтайтын тарихи уақиға болды. Бір палаталы Құрылтай заң шығару үдерісінің тиімділігі мен заңдардың сапасын арттырады.

Мемлекет басшысы парламенттік дипломатия жаңа органның қызметіндегі маңызды бағыт болатынын атап өтті.

"АҚШ Конгресі мен Құрылтай мүшелері арасындағы конструктивті әрі мазмұнды диалог өзара түсіністікті тереңдетіп, ортақ басымдықтарды ілгерілету және қазақ-америка серіктестігін нығайту тұрғысынан айрықша мәнге ие", – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық делегацияға елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси, әлеуметтік-экономикалық реформалар, сондай-ақ әділетті, озық мемлекет құруды көздейтін стратегиялық бағдарымызды іске асыру аясында басқару жүйесін жаңғыртудың басымдықтары жөнінде мәлімет берді.

Президент Конгресс мүшелерін еліміздің жалпыхалықтық қолдауға ие болған жаңа Конституциясындағы негізгі аспектілермен таныстырды

Сонымен қатар Мемлекет басшысы сан қырлы қазақ-америка серіктестігі сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастық, озық технологиялар, ғылым, білім және мәдениет салаларындағы ынтымақтастыққа баса мән бере отырып, қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды.

Мемлекет басшысы президент Дональд Трамппен конструктивті әрі сенімді диалогтың арқасында екі елдің қарым-қатынасы бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілгенін айтты.

Көпжақты форматта да жемісті ынтымақтастық орнады. Мұның айқын дәлелі – Қазақстан Американың жаһандық және өңірлік тұрақтылықты нығайту бастамаларына, соның ішінде Бейбітшілік кеңесі мен Ибраһим келісімдеріне қолдау білдірді.

Бұл ретте президент Қазақстан мен АҚШ ядролық қауіпсіздікті нығайту және жаппай қырып-жою қаруын таратпау ісінде де маңызды рөл атқаратынына назар аударды.

Америкалық делегацияны бастап келген конгрессмен Джейсон Смит арнайы қабылдағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, АҚШ президентінің сәлемін жеткізді.


"Бүгін түнгі екіде маған Президент Дональд Трамп қоңырау шалды. Мен оған бірнеше сағаттан соң Сізбен кездесетінімді айттым. Ол Сізге ізгі тілегін жолдап, араларыңызда қалыптасқан сенімді әрі конструктивті қарым-қатынасқа ризашылығын білдірді. Сонымен қатар президент Сізді G20 саммитіне қатысу үшін Майамиде күтетінін айтты. Біздің сапарымыздың бір мақсаты – Америка Құрама Штаттары мен Қазақстан арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейту мүмкіндіктерін зерделеу. Біз екіжақты ынтымақтастықты нығайту жолында мазмұнды диалог өрбітуге бейілміз. Президентіміз бұған айрықша маңыз артып отыр", – деді Джейсон Смит.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Майамиге жоспарланған алдағы сапары Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікке тың серпін беретініне сенім білдірді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!