Мемлекет басшысы алғашқы «ТМД плюс» саммитін өткізуді ұсынды

14:53, 9 қазан 2026
MKZ: 1571457

© Фото: akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында Достастықтың халықаралық байланыстарын кеңейту қажет екенін айтып, алғашқы "ТМД плюс" саммитін ұйымдастыруды ұсынды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысы Қазақстанның ұсынысымен ТМД жанынан Байқаушылар және Серіктестер институты құрылғанын еске салды.

"Осы бастаманың желісімен "ТМД плюс" форматы пайда болды. Ендігі қадам – алғашқы "ТМД плюс" саммитін ұйымдастыру деп ойлаймын. Жоғары деңгейдегі мұндай кездесу ықпалдастық географиясын кеңейтіп, еуразиялық ауқымдағы ашық әрі сұранысқа ие алаң ретінде Ұйымның рөлін күшейтеді. Қазақстан конструктивті ұстанымға сай Еуразиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық тұжырымдамасын жетілдіру бойынша ортақ жұмысқа атсалысуға ниетті. Аталған құжаттың сипаты жағымды, конфронтациялық мазмұннан ада болғаны жөн", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында Достастық ұйымы 35 жыл ішінде мемлекеттер мен халықтар өмірінің ажырамас бөлігіне айналғанын атап өтті. Сондай-ақ келесі жылы ТМД-ға төрағалық ететін Өзбекстанға сәттілік тіледі.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!