Маңғыстауда балалардың жаппай улануы: кінәлі адамға үкім шықты

18:30, 29 сәуір 2025

© Фото: zakon.kz

Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық соты 29 сәуір күні Бесшоқы ауылында мектеп оқушыларының жаппай улануына кінәлі деп танылған жеке кәсіпкер Динара Шәкеноваға үкім шығарды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Lada.kz мәліметінше, сот Шәкенованы Қазақстан Қылмыстық кодексінің 304-бабы 1-бөлігі (санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормаларды бұзу, абайсызда адамдардың жаппай сырқаттануына немесе улануына әкеп соққан) бойынша кінәлі деп танып, бір жыл мерзімге бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар оған қоғамдық тамақтану саласында кәсіпкерлікпен айналысуға үш жарым жылға тыйым салынды.

Сот тергеуі барысында анықталғандай, айыпталушы мектеп асханасында жұмыс істей отырып, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды өрескел бұзған, бұл 182 оқушының улануына әкеп соққан.

Прокуратура Шәкеноваға екі жыл бас бостандығынан айыру жазасын және үш жылға қоғамдық тамақтану саласында жұмыс істеуге тыйым салуды сұраған. Жәбірленушілер айыптауды қолдады. Ал айыпталушы мен оның қорғаушылары толық ақтауды талап етті.

Сот жеңілдететін жағдай ретінде айыпталушының бұрын сотталмағанын ескерді; ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!