Маңғыстау полициясында 50-ден астам ұлт өкілдері қызмет етеді

17:13, 1 мамыр 2026

© Фото: Zakon.kz

Маңғыстау полициясының қатарында 50-ден астам ұлт пен ұлыстың өкілдері абыройлы қызмет етіп келеді.

Олар күнделікті өз міндеттерін жоғары жауапкершілікпен атқарып, Қазақстан Республикасына адал қызмет етудің үлгісін көрсетіп келеді. Түрлі этнос өкілдерін біріктіретін басты құндылық – ортақ Отанға деген сүйіспеншілік пен антқа адалдық.

Қандай ұлттан шыққанына қарамастан, барлығының мақсаты бір – елге қызмет ету, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету.

Бұл – бірлік пен татулықтың, өзара құрмет пен сенімнің айқын көрінісі. Ақтау қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторы Владимир Качаненко да бұл мерекенің маңызын ерекше атап өтті.

"Менің ұлтым – татар, туған жерім – Алматы қаласы. Қазақстан Республикасының азаматы болғанымды мақтан тұтамын. Қазақ қызына үйленіп, отау құрдым, – деді ол.

Ал Маңғыстау облысы ПД штаб басқармасының бастығы Наталья Владимировна өз сөзінде мемлекеттік тілге деген құрметін жеткізді.

"Менің ұлтым – орыс. Ішкі істер органдарында 25 жыл қызмет атқарудамын. Ақтау қаласында туылдым. Қазақ тіліне деген махаббатым шексіз және оны жетік меңгергенмін, – деді ол.

Қазақстан халқының бірлігі күні – бейбітшілік пен келісімнің мерекесі. Осы орайда Маңғыстау полициясының қызметкерлері қоғамдағы тұрақтылықты сақтау жолында аянбай еңбек етіп, ел бірлігін нығайтуға өз үлестерін қосып келеді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!