Қазақстандықтар Бішкекте жалған доллармен ірі алаяқтық жасаған: сот үкім шығарды

19:29, 30 сәуір 2026

© Фото: Zakon.kz

Қазақстан азаматтары Бішкекте жергілікті тұрғындарды тарта отырып, жалған АҚШ долларларын өткізуді ұйымдастырған. Кінәлілерге үкім кесілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

2026 жылғы 30 сәуірде "Кактус" басылымының жазуынша, екі сот сатысының үкімдерімен Ерасыл мен Жандос алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, ірі мөлшердегі ақша мен бағалы қағаздарды қолдан жасау қылмысы үшін сотталған. Ал Юсуф, Ілияс және Хасан ауыр қылмысты жасырып қалғаны үшін кінәлі деп танылған.

Тергеу нұсқасы бойынша, Қазақстан азаматы Ерасыл Қырғызстан аумағында жалған АҚШ долларларын өткізуді ұйымдастыру мақсатында қылмыстық келісімге барған. Ол басқа бір қазақстандық – Жандоспен бірге 2023 жылғы 15–28 желтоқсан аралығында Бішкекте Али есімді адаммен жалған купюраларды өткізу мәселесі бойынша кездесулер өткізген.

"2023 жылдың желтоқсан айының соңында Ерасыл мен Жандос 100 долларлық жалған купюраларды жалпы сомасы 70 мың доллар көлемінде сыбайласы Алиге берген. Ал ол өз кезегінде өткізу үшін Қырғызстан азаматтары Юсуф, Ілияс және Хасанды тартқан. Ер адамдар жалған 10 800 долларды банктердің бірінің терминалдарына, ал 600 долларды жеке валюта айырбастау пункттеріне енгізу операциясын жасаған. Осы операция нәтижесінде алынған шынайы 2 мың долларды Али Қазақстанмен шекарада Жандосқа берген, ал ол ақшаны Ерасылға тапсырған", – делінген хабарламада.
  • Бірінші Май аудандық сотының үкімімен Ерасыл Қырғыз Республикасының Қылмыстық кодексінің 41-бабы 2-бөлігі, 233-бабы 2-бөлігінің 1, 3-тармақтары ("Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, ірі мөлшердегі ақша мен бағалы қағаздарды қолдан жасау") бойынша кінәлі деп танылды. Оған жалпы режимдегі түзеу колониясында бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Амнистияға сәйкес өтелмеген жаза мерзімі үштен бірге қысқартылды.
  • Жандос та дәл осындай қылмыс бойынша кінәлі деп танылып, оған да бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Амнистия негізінде оның да жаза мерзімі үштен бірге қысқартылды.
  • Юсуф, Ілияс және Хасан қылмысты жасырып қалғаны үшін кінәлі деп танылып, әрқайсысына 50 мың сом (шамамен 265 мың теңге) көлемінде айыппұл салынды. Алиге қатысты үкім туралы сот қаулысында ақпарат жоқ.
  • Бішкек қалалық сотының қылмыстық істер және құқықбұзушылықтар жөніндегі сот алқасы тағайындалған жазаны өтегеннен кейін қазақстандықтарды Қырғызстан аумағынан шығару туралы шешім қабылдады. Үкімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылды.

Кассациялық ұсыныста Бішкек прокуратурасы бөлімінің прокуроры екі сот сатысының актілерін жойып, істі қайтадан бірінші сатыдағы сотқа қарауға жіберуді сұраған. Оның айтуынша, соттар куәлардың айғақтарын ескермеген.

"Сонымен қатар, оның пікірінше, соттар амнистияны негізсіз қолданған, өйткені ол келтірілген шығынның кемінде төрттен үш бөлігі өтелмеген жағдайда қолданылмайды. Іс материалдарына сәйкес, банкке 952 172 сом (шамамен 5 млн теңге) көлемінде материалдық шығын келтірілген, алайда оның 3/4 бөлігі өтелмеген", – делінген хабарламада.

Сондай-ақ, Жандостың адвокаты кассациялық шағымында апелляциялық сот үкімін өзгертіп, оның әрекетін қылмысты жасыру ретінде қайта саралауды сұраған.

Алайда сот алқасы Бішкек қалалық сотының үкімін күшінде қалдырды.

Прокурордың кассациялық ұсынысы мен адвокаттың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!