Мақтаған қыз: «Цифрлық Қазақстанның» сиқыры

12:15, 15 сәуір 2020

Сиқырлы, цифрлы Қазақстан немесе мақтаған қыздың тойдағы тірлігі. Миллиардтаған қаражат бөлінген мемлекеттік бағдарламаның бір сәтте бетпердесі ашылды. 42 500 теңге алмақшы болған халық ары-бері сабылып, сарыла күтті. Есі шыққан құзырлы органдар бір емес бірнеше сайт ашып, экономикалық тұрғыда белсенді 8-9 миллион қазақстандыққа лайықты қызмет көрсете алмады. Карантин өтер, вирус кетер. Ал қып-қызыл ақша бөлінген саланың салғырт болғаны үшін біреу жауап беруі керек шығар?

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

"Егов порталы дедік, ЕЦП дедік, ЕСП дедік. Одан қалды жаппай телеграм қолданушылары көбейді. Бұл бір ғана 42 500 теңге бөледі дегеннен кейін басталған алашапқын. Қазір бәрі тынышталғандай ма, қалай? Бәрін рет-ретімен түсініп, түсіндіріп көрейік.

Ел алдына шыққан министрлер бірінен кейін бірі, ойлағандары іске аспаған соң ақтала бастады. "Электронды үкіметтен" үміт-қайыр болмай қалуын әуелде Асқар Жұмағалиев былай түсіндірген еді.

Асқар Жұмағалиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

 

"Порталда бір сәтте 15 миллионға дейінгі сұранымдар жасалған кездер болды. Бұл кез келген штаттық режимдегі барлық жүктемелерден де асып кетті. Әрине, бұл бірқатар проблемаларға алып келді. Біз сыртқы каналдарды өшіріп тастадық. Ақпараттық қауіпсіздік бойынша да жұмыстар жасалды. Себебі, шабуылдар болды".

 

Қашықтықтан, ғашықтықпен оқытамыз деп конференциялық байланыс "зум видеоны" қолданбақ болған Білім және ғылым министрлігінің ойы да іске аспады. Бас мұғалім, бұл идеясының сәтсіз болуын интернеттен көрді.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

 

"Біздің елдегі интернет 2,5 миллион баланың онлайн жүйе арқылы білім алуына сай келмейтінін көрдік. Осы проблемаға байланысты оқушылардың білім сапасы түсіп кетпеуі үшін онлайн-стриминг арқылы сабақ жүргізуден бас тартып отырмыз".

 

Иә. "Сасқан үйрек артымен жүзеді" немесе "Кім кінәлі?" деген министрлер арасында ойын басталып кетті. Осы сәтте әлеуметтік желіде "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасына 700 миллиард теңге бөлінді емес пе? Неге ақау шыға береді?" деген жаңалық жылт ете қалды. Бірқатар ведомстволарды терлеткен ақпаратты Абылайхан Оспанов жоққа шығарды.

Абылайхан Оспанов, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары:

 

"Мен бір маңызды мәліметті айтқым келеді. Әлеуметтік желіде "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға 2 жылда 700 миллиард теңге жұмсалды деген қауесет тарап жүр. Бұл жалған ақпарат. Соңғы 2 жылда республикалық бюджеттен "Цифрлы Қазақстан" жобасына 41 миллиард теңге бөлінді".

 

41 миллиард теңге де аз ақша емес сияқты. Сарапшы мамандар бұл карантин кезеңі, әр саладағы салғырттықтың бетін ашып бергеніне сенімді. Орташа, дұрыс жасақталған сайттың өзі 10 миллион болсын, 15 миллион болсын азаматтардың сұранысына міз бақпай жауап беруі керек екен.

Самат Нұртаза, саясаттанушы:

 

"Менің ойымша, біз өз өзімізге сұрақ қоюымыз керекпіз. Неге халқы көп Қытайда, Үндістанда ондай интернетпен проблема жоқ. Ал біз 18 миллион халықпыз. Оның ішінде 2,5 миллион оқушыға интернет тартып бере алмадық. Интернеттің күші, қуаты жетпей қалды. Менің ойымша, жауапты адамдарды тауып, солардан сұрау керек. Себебі, өте көп қауіп жұмсалған".

 

Сайттар неге бүлінді, ақпараттар неге уақытылы өңделмеді, халық неге сабылып кетті? Басы ашық сұрақтар көп. Өте көп. "Қазір бар маманнан айырылмас үшін үнсіз отырған шығар. Бірақ, мемлекеттік деңгейдегі қателіктер үшін сұрау болуы тиіс" - дейді Арман Абдрасилов.

Арман Абдрасилов, кибер шабуылдарды талдау және тергеу орталығының директоры:

 

"Неге бір министрлік дайындап жатыр, одан бөлек басқа министрлік тағы сервис әзірлеп жатыр. Ол сервистің бәрі бірге емес. Біз инженер болсақ та таңқалып қалдық. Ал қарапайым халық одан сайын таңқалып, қай сервисті пайдаланатынын білмей қалды. Бір методикадан екінші методикаға, одан үшіншіге ауысып жатқанымыз бұл мәселеге дайын емес екенімізді көрсетіп отыр".


"Телеграм дегеннен шығады. Осы бағдарламаға кіріп, "Egov.kz" деп тере бастасаңыз, түсініксіз бірнеше боттар шыға келеді. Кейбір азаматтар шатасып сонда жеке мағлұматтарын жіберіп қойып, қазір төлем күтіп отырған шығар?

Міне, осы мәселенің бір шетін кеше Парламент қабырғасында Дариға Назарбаева көтерді. Сенат төрағасы елдегі төтенше жағдай кезінде әшкере болған цифровизация жұмыстарының кемшіліктерін атады.

Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

 

 

"Қалыптасқан жағдайда мемлекеттік ақпараттық ресурстардың және электрондық қызметтердің жұмыс істеуінде бірқатар проблемалардың бар екені белгілі болды. Бұл "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы осы дағдарыс кезінде беті ашылған проблемаларды ескере отырып, дереу қайта қарауды талап ететінін білдіреді. Депутаттар еліміздің басқару жүйесі мен экономиканы цифрландыруда жедел жұмыстар жүргізуге бюрократияның мүдделі емес екені жайлы, статистиканы бір ретке келтіру туралы бірнеше мәрте айтқан болатын".


Иә. Карантин кезіндегі төлем, бара-бара осылай мазаққа айналды. Енді ше, көпшілік шындыққа күледі. 41 миллирд теңге бөлінген "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасының да, Үкіметтің де жұмысы бір сыналды. Карантин өтер, вирус кетер. Ал, қып қызыл ақша бөлінген салаларға салғырт қарағаны үшін біреу жауап беруі керек шығар?

 

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!