Құрылтай қалай жұмыс істейді: регламент жарияланды

09:15, 17 қыркүйек 2026
MKZ: 1567308

© Фото: Zakon.kz

Құрылтай 2026 жылғы 10 қыркүйектегі қаулысымен Қазақстан Республикасы Құрылтайының регламентін бекітті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Регламентте:

  • Құрылтай қызметін ұйымдастыру;
  • Құрылтайдың үйлестіруші, жұмыс және консультативтік-кеңесші органдарын қалыптастыру және олардың қызметін ұйымдастыру тәртібі;
  • депутаттық бірлестіктерді, оның ішінде саяси партиялардың фракцияларын, сондай-ақ Құрылтайдағы көпшілік пен оппозицияны құру және олардың қызметін ұйымдастыру тәртібі;

Құрылтай отырыстарын өткізу шарттары мен тәртібі;

  • тыңдаулар мен үкімет сағаттарын өткізу тәртібі;
  • заң шығару бастамасы құқығын іске асыру тәртібі;
  • Құрылтайдағы заң шығару процесінің қағидалары және заң жобаларын Құрылтайдың жұмыс органдарында талқылау тәртібі;
  • Құрылтай депутаттары мен лауазымды тұлғаларының өз өкілеттіктерін жүзеге асыру тәртібі;

Құрылтайдың, оның органдары мен депутаттарының қызметін ұйымдастыруға қатысты өзге де мәселелер белгіленген.

Құрылтайдың конституциялық өкілеттіктерін жүзеге асыру мақсатында өткізілгенімен, оның регламенті сақталмаған кез келген депутаттар жиыны заңсыз деп танылады. Мұндай жиында қабылданған актілердің заңды күші болмайды.

Құрылтай 145 депутаттан тұрады. Олардың өкілеттігі Құрылтайдың бірінші сессиясы ашылған сәттен басталып, жаңа шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясы жұмысын бастаған кезде аяқталады.

Құрылтай депутаттарының өкілеттік мерзімі – бес жыл.

Құрылтай отырыстары, әдетте, сәрсенбі және бейсенбі күндері, тыңдаулар жұмада, ал үкімет сағаттары дүйсенбіде өткізіледі. Құрылтай отырысына депутаттардың жалпы санының кемінде үштен екісі, яғни кемінде 97 депутат қатысқан жағдайда ғана ол заңды болып саналады.

Құрылтай отырыстарында сөз сөйлеудің мынадай ұзақтығы белгіленеді:

  • баяндама жасауға – осы регламентте өзгеше белгіленбесе, 15 минутқа дейін;
  • қосымша баяндама жасауға – 10 минутқа дейін;
  • жарыссөзде сөйлеуге (екі реттен артық емес) – 7 минутқа дейін, қайталап сөйлеуге – 5 минутқа дейін;
  • сұрақ қоюға (екі реттен артық емес) – 2 минутқа дейін;
  • сұраққа жауап беруге – 5 минутқа дейін;
  • рәсімдік мәселе бойынша сөз сөйлеуге – 2 минутқа дейін уақыт беріледі.

Белгіленген уақыттан асып кеткен жағдайда сөз сөйлеушінің микрофоны автоматты түрде өшіріледі. Қажет болған жағдайда төрағалық етуші екі минуттан аспайтын қосымша уақыт бере алады.

Құрылтай жұмысы мемлекеттік тілде жүргізіледі. Қазақ тілімен қатар орыс тілі де ресми түрде қолданылады.

Регламентте Құрылтайдың заң шығару қызметі де айқындалған.

Заң жобаларын қараудың үш кезеңді моделі белгіленді.

Заң шығару бастамасы құқығы:

  • заң жобасын арнайы жолдаумен енгізетін Президентке;
  • заң жобасын ұсыным арқылы енгізетін Құрылтай депутаттарына;
  • заң жобасын қаулы арқылы енгізетін Үкіметке;
  • заң жобасын шешім арқылы енгізетін Қазақстан Халық Кеңесіне тиесілі.

Заң жобасы тіркелгеннен кейін Бюро оны бас комитетке жібереді. Бас комитет жұмыс тобын құрып, заң жобасын одан әрі пысықтауды ұйымдастырады.

Бірінші оқылымда Құрылтай заң жобасының мақсаттары мен міндеттерін, негізгі ережелерін, сондай-ақ оның жоба реттейтін салаларда жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясатқа сәйкестігін талқылайды. Сонымен қатар заң қабылданған жағдайда туындауы ықтимал әлеуметтік-экономикалық, құқықтық, экологиялық және өзге де салдар қарастырылады.

Екінші оқылымда бас комитеттің салыстырма кестесіне енгізілген түзетулер талқыланады.

Үшінші оқылымда заң жобасының түпкілікті редакциясы оның Конституцияға сәйкестігі және құқықтық олқылықтарды жою тұрғысынан қаралады. Бұл ретте халықаралық шарттарды ратификациялау немесе олардың күшін жою туралы мәселелер екі оқылымда қарастырылады.

Түзетулермен жұмыс істеу тәртібі де жеке реттелген.

Құрылтай мен оның органдарының шешімдері дауыс беру арқылы қабылданады.

Конституцияда белгіленген Құрылтай депутаттарының жалпы саны, яғни 145 депутатқа шаққанда:

  • Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілік дауысы – кемінде 73 дауыс;
  • депутаттардың жалпы санының кемінде үштен екісі – кемінде 97 дауыс;
  • депутаттардың жалпы санының кемінде төрттен үші – кемінде 109 дауыс;
  • депутаттардың жалпы санының кемінде үштен бірі – кемінде 49 дауыс;
  • депутаттардың жалпы санының кемінде бестен бірі – кемінде 29 дауыс.

Тиісті шешімге депутаттардың қажетті саны дауыс берген жағдайда ол қабылданды деп есептеледі.

Президент Құрылтай ұсынған заңға бір ай ішінде қол қойып, оны жариялайды немесе заңды не оның жекелеген баптарын қайта талқылап, дауыс беру үшін кері қайтарады.

Регламенттің едәуір бөлігі Құрылтайдың Конституциялық сотпен, Үкіметпен және Қазақстан Халық Кеңесімен өзара іс-қимылына арналған. Онда Конституция мен заңдарда айқындалған мәселелерді қарау рәсімдері қамтылған.

Атап айтқанда, Құрылтай өз отырысында Конституциялық соттың Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жыл сайынғы жолдауын тыңдайды. Бұл ретте Конституциялық соттың жолдауы талқыланбайды және оған қатысты сұрақтар қойылмайды. Тыңдау қорытындысы бойынша Құрылтай жолдауды назарға алу туралы қаулы қабылдайды.

Сонымен қатар регламентте Құрылтайдағы көпшілік пен оппозицияның мәртебесі жеке белгіленген.

Құрылтайдағы көпшілік – Құрылтайда ең көп депутаттық мандат алған саяси партия.

Құрылтайдағы оппозиция – Құрылтайда өкілдік ететін, бірақ ондағы көпшіліктің құрамына кірмейтін және, әдетте, әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси мәселелер бойынша көпшіліктен өзгеше ұстаным білдіретін саяси партия немесе саяси партиялар.

Регламентте Құрылтайдың кадр мәселелерін қарау тәртібі, депутаттардың құқықтық жағдайы, депутаттық өкілеттіктерді жүзеге асыруы, сайлаушылармен жұмыс істеуі, отырыстар мен жұмыс органдарының қызметіне қатысуы айқындалған.

Мәселен, депутаттарға сайлаушылармен байланысын нығайту үшін Қазақстанның өңірлері мен елді мекендеріне баруға он күнтізбелік күнге дейін уақыт беріледі. Мұндай сапарлар Құрылтай Бюросының шешімі бойынша бір сессия ішінде кемінде екі рет ұйымдастырылады.

Бұдан бөлек, регламентте Құрылтайдың халықаралық ынтымақтастығына қатысты мәселелер реттелген.

Қаулы 2026 жылғы 10 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді.

Бұған дейін Құрылтай жанынан Қоғамдық палата жұмыс істейтіні хабарланған.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!