Жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін алу кезегіне қою ережелері өзгерді
© Фото: Zakon.kz
Ауыл шаруашылығы министрі 2026 жылғы 10 сәуірдегі бұйрығымен жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелерін беру қағидаларына өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Атап айтқанда, арнайы есепке алу жергілікті атқарушы органдар (республикалық маңызы бар қала, астана, аудан, облыстық және аудандық маңызы бар қала, сондай-ақ кент, ауыл және ауылдық округ әкімдіктері) арқылы электрондық форматта кезек тізімін жүргізу арқылы жүзеге асырылады.
Кезек тізімі азаматтардың өтініштері тіркелген сәттен бастап жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының цифрлық жүйесіне (ЦБМК) интеграцияланған жергілікті атқарушы органдардың автоматтандырылған жұмыс орнында қалыптастырылады.
Жергілікті атқарушы органдар кезектегі азаматтардың "қайтыс болған" немесе "тұрақты тұруға басқа елді мекенге көшіп кеткен" мәртебесін анықтау үшін "Физикалық тұлғалар" мемлекеттік деректер базасына "электрондық үкімет" шлюзі арқылы сұрау жолдайды.
Аталған мәртебедегі азаматтар кезектен автоматты түрде шығарылады. Олардың орнына келесі кезектегі азаматтың реттік нөмірі беріледі, ал қалған кезек нөмірлері автоматты түрде қайта есептеледі.
Сонымен қатар, жеке тұрғын үй құрылысы (яғни жеке тұрғын үй салу мақсатында жер телімін алу) үшін жер учаскесін алған азаматтар, сондай-ақ ұсынылған жер учаскесінен жазбаша немесе электронды түрде бас тартқан тұлғалар да кезектен шығарылады. Бұл жағдайда да жүйеде кезек нөмірлері автоматты түрде қайта реттеледі.
Кезектен шығарылған азаматтарды жергілікті атқарушы органдар (ЖАО) жеткілікті негіздер болған жағдайда және бұл фактіні растайтын құжаттар ұсынылса ғана қайта қалпына келтіре алады. Мұндай құжаттарға жер учаскесін алу кезегіне қойылғаны туралы хабарлама немесе сот шешімі жатады.
Азаматты кезек тізіміне сот шешімі негізінде қайта енгізу кезінде бұл жазба жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының цифрлық жүйесінде (ЦБМК) "/С" белгісі арқылы тіркеледі.
Ал азаматты кезекке қою туралы хабарлама негізінде қалпына келтіру жағдайында тиісті жазба ЦБМК жүйесінде "/А" белгісімен енгізіледі. Бұл рәсім азамат жүгінген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Кезекке қайта тұру үшін азамат жергілікті атқарушы органға еркін нысанда өтініш беріп, растайтын құжаттарды (жер учаскесін алу кезегіне қойылғаны туралы хабарлама немесе сот шешімі) қоса ұсынуы тиіс.
Аталған бұйрық 2026 жылғы 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
15:47, 15 сәуір 2026
ІІМ жол қауіпсіздігін бақылауды күшейтті
-
15:39, 15 сәуір 2026
Алматыдағы Розыбакиев көшесінде қозғалыс алты сағатқа жабылады
-
15:20, 15 сәуір 2026
Мәжіліс ғылым саласына қатысты заңнамалық түзетулерді қабылдады
-
15:07, 15 сәуір 2026
Қазақстанда қауіпті және ауыр жүк тасымалдау қағидалары жаңартылды
-
14:58, 15 сәуір 2026
Елордада синтетикалық есірткі сақтау дерегі әшкереленді





