Құмар ойынынан бас тартамын: қазақстандықтар жаппай ойынқұмарлықтан өз еркілерімен шектелуде

12:22, 6 мамыр 2024

© Сурет: pexels

Туризм және спорт министрлігінің туризм индустриясы комитеті – еліміздегі құмар ойындар саласына жауапты уәкілетті орган онлайн форматта ойынқұмарлықтан бас тартуға өтініш беретін функцияны ойлап тапты.

Ведомствода құмар ойындарға қатысудан және цифрлық форматтағы бәс тігуден өз бетінше шектеу бойынша опция әзірленіп, іске қосылды – мұны қазақстандықтар eGov mobile қосымшасы арқылы жүзеге асыра алады.

МТС eGov арқылы өзін-өзі шектеу мүмкіндігін іске қосып қана қоймай, бұл туралы халықты барынша хабардар етті. Министрлік бұл қызметті ілгерілету үшін кең әлеуметтік жарнамалық науқан жүргізді. Еліміздің 10 өңірінде 200-ден астам баннерлер мен билбордтар ілінді.

Енді Қазақстан тұрғындары EGOV mobile мобильді қосымшасы арқылы алты айдан 12 айға дейінгі мерзімге құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуын ерікті түрде шектеу туралы бірден өтініш бере алады. Жаңа қызмет өтінімдерді өңдеуге кететін уақытты айтарлықтай азайтады және құмар ойындардан өзін-өзі алып тастау процесін жеңілдетеді. Бұл кез келген азаматқа, әсіресе шамадан тыс ойнауға бейім адамдарға Қазақстанда лицензиясы бар барлық ресми ойын алаңдары мен онлайн букмекерлік платформаларға қолжетімділікті дереу шектеуге мүмкіндік береді.

Министрлік енгізген опция өте тиімді болып шықты: бұрын офлайн-жазбаша өтінішті үш жылда небәрі 5 мың адам берген, ал бүгінгі күні бір айда еліміздің 60 мыңға жуық тұрғыны онлайн-режимде құмар ойындар мен бәс тігуден өз бетінше шектелген. Бұл процесті өзін-өзі шектеу қызметтерін цифрлық форматқа көшіру ынталандырды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!