«Кортеж, тойлау деген болмасын!». Елордалық ата-аналар мен мектеп түлектеріне қатаң ескерту жасалды

17:17, 10 маусым 2026

© Сурет: gov.kz

Астана қалалық білім басқармасы 2026 жылғы 10 маусымда ата-аналар мен мектеп түлектеріне ескерту түрінде маңызды мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Құзырлы ведомство Астанадағы білім беру ұйымдарында 18 маусым күні жалпы орта білім туралы аттестаттарды салтанатты түрде табыстау рәсімі өтетінін еске салды.

"Осыған байланысты ата-аналар мен түлектер мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауы қажет. Түлектердің өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектеп бітіру кештерін мейрамханаларда, дәмханаларда, банкет залдарында, демалыс базаларында және табиғат аясында өткізуге, автокортеж ұйымдастыруға, таңды қарсы алу шараларын өткізуге, сондай-ақ қатысушылардың қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін өзге де іс-шараларды ұйымдастыруға жол берілмейді". Астана қалалық білім басқармасының баспасөз қызметі

Сондай-ақ аттестат тапсыру рәсімін ұйымдастыру мен өткізу кезінде ата-аналарға, заңды өкілдерге немесе оқушыларға ақша, сыйлық, түрлі жарналар мен өзге де материалдық заттар жинауға қатаң тыйым салынатыны ескертілді.

"Мектеп бітіру кешінің басты құндылығы – қымбат мейрамхана мен мерекелік дастарқан емес. Оның шынайы мәні – ұстаздарға алғыс білдіру, мектеппен қоштасу, сыныптастармен ерекше естеліктерді бөлісу және болашаққа сеніммен қадам басу. Ата-аналар мен түлектерді осы айтулы күнді жоғары мәдени деңгейде өткізуге, қауіпсіздік талаптарын сақтауға және өзара жауапкершілік танытуға шақырамыз". Астана қалалық білім басқармасының баспасөз қызметі

Бұған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова 2026 жылғы 26 мамырда Үкіметтегі баспасөз мәслихатында Жаңаөзендегі түлектер кортежіне қатысты пікір білдірген болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!