Университет қызметкерлеріне жала жапқаны үшін Ақтау тұрғынына айыппұл салынды

19:51, 9 маусым 2026

© Фото: pixabay

Ақтау тұрғыны университет қызметкерлері туралы әлеуметтік желілерде жариялаған жазбалары үшін 778 мың теңге көлемінде айыппұл арқалады, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Мой город" басылымының жазуынша, Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотында жала жабу дерегі бойынша іс қаралған.

Сот анықтағандай, биылғы мамыр айында әйел Facebook пен Instagram желілеріндегі парақшаларында, сондай-ақ WhatsApp чатында Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті оқытушылары туралы жазбалар жариялаған. Талапкерлердің пікірінше, жарияланған мәліметтер жалған болған және оқу орны қызметкерлерінің ар-намысына, қадір-қасиетіне әрі іскерлік беделіне нұқсан келтірген.

"Сот отырысында әйел өз кінәсін мойындамай, өзіне қатысты толтырылған хаттамамен келіспейтінін айтты. Университет өкілі оны жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікке тартуды сұрады. Сот айыпталушының кінәсі жәбірленушінің айғақтарымен, әлеуметтік желідегі жарияланымдармен, университет қызметкерлерінің ұжымдық арызымен, полиция материалдарымен және өзге де құжаттармен дәлелденген деген қорытындыға келді", – деп жазды басылым.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, көпшілік алдында немесе интернет арқылы жасалған жала үшін айыппұл не әкімшілік қамау жазасы қарастырылған. Сот қаулысымен Ақтау тұрғыны кінәлі деп танылып, оған 180 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 778 500 теңге айыппұл салынды.

Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ және оған шағым түсіруге болады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!