Көлік алуға несие сұрағандардың басым бөлігіне банк неге сенбейді
© Фото: freepik
2026 жылы автокөлікті несиеге алу кезінде банктер үшін қарыз алушының табысы ғана маңызды емес. Олар оның қолданыстағы қарыздарын, кредиттік тарихын және бастапқы жарнасын да мұқият тексереді.
Көлік сатып алушыларға қойылатын талаптар қалай өзгерді және несие құны қаншаға өсті? Бұл мәселені Zakon.kz зерттеді.
Әр алты өтінімнің біреуі ғана мақұлданады
Ұлттық банктің мәліметінше, 2026 жылғы 1 қазанда қазақстандықтардың автокредит бойынша берешегі 4,361 триллион теңгеге жеткен. Жыл басында бұл көрсеткіш 4,019 триллион теңге болған. Тоғыз айда несие портфелі 8,5%-ға немесе 341,3 миллиард теңгеге өскен. Алайда жалпы берешектің ұлғаюымен қатар жаңа несиелер қымбаттап, мақұлданған өтінімдердің үлесі азайған.
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) зерттеуіне сәйкес, 2026 жылдың бірінші жартысында банктер автокредит алуға шамамен 2,7 миллион өтінім қабылдаған. Оның тек 449,7 мыңы немесе 16,8%-ы мақұлданған. Бір жыл бұрын өтінімдердің 17,6%-ына оң жауап берілген. Өтінімдер саны 9%-ға, ал мақұлданған өтінімдер 13%-ға азайған.
Салыстыру үшін айтсақ, бөлшек несиелеу нарығында банктер өтінімдердің 25,3%-ын мақұлдаған. Дегенмен өтінімдер саны көлік сатып алуға ниетті адамдардың нақты санын білдірмейді. Өйткені бір адам бірнеше қаржы ұйымына қатар өтінім бере алады.
Екінші тоқсанда жағдай біршама жақсарған. Реттеуші органның сауалнамасына сәйкес, автокредит алуға берілген өтінімдер саны бірінші тоқсанмен салыстырғанда 20%-ға артып, 1,5 миллионға жеткен. Сұралған несиенің орташа сомасы 7 миллион теңге болған. Ал мақұлданған өтінімдердің үлесі 15%-дан 18%-ға өскен.
Ұлттық банк өкілі Динара Тазетдинова нарықтағы белсенділіктің артуына не себеп болғанын түсіндірді.
"Автокредитке сұраныстың артуына автосалондардағы жеңілдіктер, субсидияланған мөлшерлемемен берілетін бағдарламалардың іске қосылуы және банктердің ресми дилерлермен ынтымақтастығын кеңейтуі әсер етті", – деді Динара Тазетдинова.
Алайда екінші тоқсанда мақұлданған өтінімдер үлесінің өсуі бірінші жартыжылдықтың жалпы қорытындысын өзгерткен жоқ. Автокредит алу әр бес өтінімнің біреуіне де бұйырмаған.
Банктерге қарыз алушылардың қандай әрекеті ұнамайды?
ҚҚҚ сарапшылары нарықтағы белсенділіктің төмендеуін бірнеше себеппен байланыстырады. Бірнеше жыл бойы несие арқылы көлік сатып алушылар көбейгендіктен, сұраныстың бір бөлігі өтелген. Сонымен қатар жаңа несие алу шарттары бұрынғыдан тиімсіз бола түскен. Жоғары пайыздық мөлшерлемелер ай сайынғы төлемді көбейтсе, автодилерлердің көлікті төмен пайызбен ұсынуға мүмкіндік беретін жеңілдік бағдарламалары азайған.
Халық табысының деңгейі де әсер еткен. ҚҚҚ келтірген дерекке сәйкес, нақты табыс өсімі небәрі 0,1% болған. Бұған қоса, ақша-кредит саясатының қатаң шарттары мен реттеу талаптарының күшеюіне байланысты банктер жаңа несие беруде сақтық таныта бастаған.
Нақты бір қарыз алушыға қатысты шешім қабылдағанда оның расталған табысы, қолданыстағы міндеттемелері, кредиттік тарихы және бастапқы жарнасының мөлшері ескеріледі. Мысалы, жалақысы жоғары адамның өзі банкке басқа несиелерін өтеуге табысының едәуір бөлігін жұмсап отырса, автокредит ала алмауы мүмкін.
Жаңа клиенттер санының өсуі де баяулаған. Бірінші жартыжылдықта автокредит алған бірегей қарыз алушылар саны 66 мың адамға артқан. Ал былтыр осы кезеңде өсім 80 мың адам болған. Дегенмен банктер статистикасында несие беруден бас тартудың нақты себептері көрсетілмейді.
Несие қымбаттады, ал қарыз сомасы азаймай тұр
Кейінгі бірнеше жылда Қазақстанда автокредиттің орташа сомасы едәуір өскен. 2022 жылы ол 4,1 миллион теңге болса, 2025 жылы 6,8 миллион теңгеге жеткен. Ал 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 6,6 миллион теңге болған. Осылайша, төрт жылда орташа несие сомасы шамамен 61%-ға артқан.
Пайыздық мөлшерлемелер бұдан да қатты өзгерген. 2023 жылдың басында олар 27,1%-ға дейін жеткен. Кейін біртіндеп төмендеп, 2025 жылдың көктемінде шамамен 15% болған. Алайда несие ресурстарының қайта қымбаттауы жағдайды өзгертті. Бір жылда орташа өлшенген мөлшерлеме 18,8%-дан 24,4%-ға өскен. Ұлттық банктің соңғы мәліметі бойынша, 2026 жылғы қыркүйекте жаңа автокредиттер бойынша мөлшерлеме 24,6%-ды құраған.
Сарапшылар несие құнының өсуін банктер үшін қаражат тартудың қымбаттауымен ғана емес, несиелеу құрылымының өзгеруімен де байланыстырады. Дилерлердің субсидияланған бағдарламалары қысқарғаннан кейін нарықтық шарттармен берілетін несиелердің үлесі артқан.
Мұның салдары отбасылық бюджетке де әсер етіп отыр. Есептеулерге сәйкес, автокредиттің ай сайынғы төлемінің орташа жалақыға шаққандағы үлесі бір жылда 24,7%-дан 30,6%-ға өскен.
Ұлттық банк көлік алушыларға арналған жеңілдіктерді сақтап қалды
Осы өзгерістерге қарамастан, реттеуші орган автокредиттің жекелеген түрлеріне қойылатын талаптарды қатаңдатпау туралы шешім қабылдады. Zakon.kz бұған дейін хабарлағандай, 6 қарашада Ұлттық банк борыш жүктемесінің коэффициентін (БЖК) міндетті түрде сақтау талабынан босататын ерекшеліктердің мерзімін 2027 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартты.
Бұл жеңілдіктер Қазақстанда алғаш рет тіркелетін жаңа көліктерге, құнының кемінде 50%-ын бастапқы жарна ретінде төлеп сатып алынатын ескі автокөліктерге, сондай-ақ үш жылдан аспай пайдаланылған көліктерге қатысты. Соңғы санаттағы көліктер үшін бастапқы жарна кемінде 30% болуы керек. Барлық жағдайда автокөлік несие бойынша кепілге қойылуы тиіс.
Бұл ерекшеліктер банктерге қарыз алушының ай сайынғы төлемдерін табысының жартысынан асырмауды көздейтін жалпы БЖК нормативін қолданбауға мүмкіндік береді.
Алайда бұл жеңілдіктер несие міндетті түрде мақұлданады дегенді білдірмейді. Банктер клиенттің төлем қабілетін бағалау нәтижесіне қарай несие беруден бас тарту құқығын сақтайды.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
17:17, 10 қараша 2026
Жетісу облысының тұрғыны бірден төрт ұл босанды
-
17:13, 10 қараша 2026
Велошабандоз Әнел Тәшбай жасөспірімдер Олимпиадасында топ жарды
-
16:56, 10 қараша 2026
Енді қаржы ұйымдары киберқауіпсіздігін жылына бір рет тексереді
-
16:50, 10 қараша 2026
11 қарашада Қазақстанның оңтүстігі мен шығысында жаңбыр мен қар жауады
-
16:44, 10 қараша 2026
Қазақстанда қыста тыныс алу неге қиындайды - Экологтар төрт себебін атады





