Киберполицейлер алаяқтықтың жиілеуіне байланысты ел азаматтарына жүгініп, үндеу жасады

22:50, 22 желтоқсан 2025

© Сурет: unsplash

Киберполиция басқармасының қызметкерлері инвестициялық ұсыныстар түрінде жасалатын алаяқтық жағдайларының жиілеуіне байланысты, оның ішінде белгілі компаниялардың атауын пайдалану деректері бойынша, азаматтарға ресми үндеу жасады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, соңғы уақытта интернет кеңістігінде тиімді инвестициялар туралы жалған ақпарат белсенді түрде таралуда. Бұл материалдар deepfake технологиясын қолдану арқылы жасалған бейнероликтер мен жарнамалық контентпен сүйемелденеді.

"Қаскөйлер танымал тұлғалардың бейнесі мен дауысын шебер түрде қолдан жасап, ақпараттың шынайы көрінуіне қол жеткізіп, азаматтарды жаңылыстырады. Мереке қарсаңында мұндай қылмыстар санының күрт артуы алаңдаушылық тудырады. Эмоциялық көңіл-күй жоғарылап, тез табысқа үміт артқан кезеңде адамдар күмәнді дереккөздерге сеніп, оңай пайда уәделеріне алданып қалуы жиілейді. Тәртіп сақшылары бөгде әрі тексерілмеген ақпарат көздеріне сенбеуге шақырады. Кез келген инвестициялық ұсынысты мұқият тексеріп, компаниялардың ресми сайттарына және сенімді мемлекеттік ресурстарға ғана жүгіну қажеттігін еске салады. Полиция нақты компаниялар инвестициялық ұсыныстарды әлеуметтік желілер, мессенджерлер немесе күмәнді жарнамалық бейнероликтер арқылы таратпайтынын ескертеді, делінген хабарламада.

Күдік туындаған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына хабарласу қажеттігі де ескертіледі.

Цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздік — саналы көзқарас пен сыни ойлаудан басталады. Қаржыңызды қорғаңыз және алаяқтардың мерекелік көңіл-күйіңізді бұзуына жол бермеңіз.

Бұған дейін Шымкентте бірнеше рет алаяқтық жасады деп айыпталған көпбалалы ана сотталғанын жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!