Қазақстандықтарға Жапония визасын алу тәртібі өзгереді

10:40, 16 қыркүйек 2026
MKZ: 1567094

© Сурет: pexels

Жапонияның Қазақстандағы елшілігі визаға құжат тапсыру тәртібінің өзгеретінін хабарлады. Жаңа ережелер 2026 жылғы 23 қыркүйектен бастап күшіне енеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Жапония елшілігі визаға өтініш берген кезде реттік нөмірі бар талон беру жүйесін енгізеді. Дипломатиялық өкілдіктің хабарлауынша, талон құжат қабылданатын күні сағат 9:30-дан бастап күту залында беріледі.

Бұл ретте реттік талон тек визаға өтініш тапсыруға құқық береді, ал құжаттарды қабылдау кезек тәртібімен жүзеге асырылады.

"Реттік талондар тек берілген күні жарамды және оларды келесі күні немесе одан кейін пайдалануға болмайтынын ескертеміз. Сондай-ақ виза бойынша өтініш нәтижесін алған кезде реттік талон талап етілмейді", – деп хабарлады елшілік.

Реттік талонсыз құжат тапсыруға мына жағдайларда рұқсат етіледі:

  • Жапония үкіметінің немесе мемлекеттік мекемелерінің шақыруы бойынша визаға құжат тапсырған кезде;
  • медициналық қызмет алу мақсатында Жапонияда болу үшін виза рәсімдеген кезде (медициналық виза);
  • мемлекеттік немесе дипломатиялық құрылымдар арасындағы құжат тапсырған кезде.

Жапония елшілігі дүйсенбі және жұма күндері келушілер көп болатынын ескеріп, мүмкіндігінше аптаның басқа жұмыс күндерінде келуге кеңес берді.

Жапонияда 2026 жылғы 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында XX жазғы Азия ойындары өтеді. Ал 2026 жылғы 11 қыркүйекте Қазақстан құрамасын Азия ойындарына шығарып салып, спортшыларға Мемлекеттік ту табысталды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!