Қазақстандағы мемлекеттік сатып алудың жаңа ережелері: нені білу маңызды

© Фото: Zakon.kz
Қазақстанда мемлекеттік сатып алуды өткізу мерзімі бірнеше есе қысқартылды: конкурс жариялаудан бастап жұмыстың басталуына дейін – 10 күн, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұл туралы 2025 жылдың 10 ақпанында ҚР Үкіметі баспасөз қызметі мәлімдеді.
Қазақстанда 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген жаңа жеңілдетілген ережелер бойынша мемлекеттік сатып алу туралы алғашқы шарттар жасалды.
"Мәселен, конкурс тәсілімен өткізілетін сатып алу бойынша тиісті құжаттаманы талқылау 5 күннен 2 жұмыс күніне дейін, өтінімдерді қабылдау — 15 күннен 5 жұмыс күніне дейін, өтінімдерді қарау және қорытындылау — 10 күннен 3 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Осылайша, конкурстар мен аукциондар бойынша жеңімпаз ең көп дегенде 10 жұмыс күні ішінде анықталады",- делінген ақпаратта.
Рейтингтік-балдық жүйені қолдана отырып өткізілетін конкурс (сатып алудың автоматтандырылған тәсілін, жеңімпазды веб-портал айқындайды) арқылы сатып алу жеңімпаздары жиналған балдар негізінде 5 жұмыс күні ішінде (бұрын мерзімі 29 жұмыс күнін құраған) айқындалады. Олар жұмыс тәжірибесі, тұрақты салық аударымдарының болуы, кешіктірулердің болмауы және басқалары үшін беріледі.
Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу мерзімі 5 күннен 2 күнге дейін қысқартылды.
Сондай-ақ жергілікті жеткізушілер үшін шартты жеңілдіктер 1%-дан 2%-ға дейін ұлғайтылды.
Үкіметтің мәліметінше, Ақмола облысының Зеренді ауылында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің құрылысы бойынша байқау жаңа ережелер бойынша елімізде алғашқылардың бірі болып өткізілді. Ол биылғы 8 қаңтарда жарияланды, ал оның қорытындысы 6 жұмыс күні ішінде шығарылды және 16 қаңтарда құрылыс салушы жұмысқа кірісті.
"Жобаның құны 2 млрд теңгеден асады. Мердігер рейтингтік-балдық жүйені қолдана отырып, жаңа мемлекеттік сатып алулар бойынша таңдалды, бұл конкурс мерзімін айтарлықтай қысқартты. Бұл бізге құрылысты 16 қаңтарда бастап кетуге мүмкіндік берді. Жоба жыл соңына дейін аяқталады және нысан пайдалануға беріледі. Сондай-ақ біз жүйеде қосымша балл алатын жергілікті құрылыс салушыларға назар аударамыз, бұл олардың қатысуын ынталандырады", – деді Ақмола облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Байқуанышев.
Спорт мектебінің ғимараты өтпе жол арқылы бір-бірімен байланысқан екі блоктан тұрады. Мұнда тренажер залы, хоккей корты және басқа да жаттығу алаңдары жұмыс істейтін болады. Құрылыс материалдарының 90%-ын жергілікті өндірістен алу жоспарлануда. Ауылдық спорт мектебінің жалпы қабылдау мүмкіндігі – ауысымда 78 адам.
Жаңа ережелер бойынша 330 адам тұратын Батыс Қазақстан облысының Жалын ауылында су құбырын салу бойынша конкурс өткізілді. Жеңілдетілген жүйенің арқасында сатып алу процедурасы алты күнде жүргізілді, бұл жергілікті құрылыс салушыға жұмысқа тез кірісуге мүмкіндік берді. Жобаның құны – 785 млн теңгеден астам. Су құбырының құрылысы ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етеді.
Шымкент қаласының Бозарық шағын ауданында көпқабатты тұрғын үйлер салу жобасы бойынша сатып алу рәсімі 7 жұмыс күні ішінде жүргізілді. Жобаның құны – 4,9 млрд теңгеден астам.
Жаңа ережелерге сәйкес, осы жылдың 10 ақпанындағы жағдай бойынша Қазақстанда 951,38 млрд теңге сомасына 282 703 шарт жасалды. Салыстыру үшін: өткен жылдың тиісті кезеңінде 223,2 млрд теңгеге 165 558 шарт жасалған. Берілген шағымдардың саны өткен жылмен салыстырғанда 22%-дан астамға: 1700-ден 1320-ға дейін төмендеді.
Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу рәсімін оңайлату әсерінен жыл басынан бері бес есе көп келісімшарт жасалғандығы атап өтілді.
"Жасалған келісімшарттардың көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бес есе өсті. Егер өткен жылы шарттар 200 млрд теңге сомасына жасалған болса, биыл 1 трлн теңгеге жуық шарт жасалды. Бес есе өсім. Сондай-ақ сатып алу мерзімі екі айдан 10 күнге дейін қысқартылды. Рейтингтік-балдық жүйе құралы енгізілді. Ол жүйеге адам қатыспайды. Мердігер мәліметтер базасын пайдалану арқылы анықталады. Жергілікті мердігерлерді, жергілікті компанияларды қолдау шарасы енгізілді. Шартты балл бір балдан екі балға дейін ұлғайтылды. Бүгінгі таңда біз оң нәтижелерге қол жеткіздік. Бес жұмыс күні ішінде көптеген салада әлеуметтік маңызы бар нысандар бойынша мердігерлер анықталды. Бұл мердігерлер жергілікті компаниялар. Ол біздің мемлекеттік органдарымыздың, тапсырыс берушілеріміздің тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді тезірек сатып алу ісіндегі үлкен ілгерілеушілік. Оған қоса, әрине, бұл біздің отандық тауар өндірушілерімізді қолдау", – деп атап өтті ҚР қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл.
Бұған дейін киберполицияның 1 млн теңге көлеміндегі алаяқтық әрекеттің алдын алғандығы хабарланған болатын.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
13:30, 17 наурыз 2025
Қазақстандықтарға зейнетақы тағайындау кезінде еңбек өтілі қалай ескеріледі
-
13:19, 17 наурыз 2025
Астана әуежайы жолаушыларға маңызды ескерту жасады
-
13:08, 17 наурыз 2025
Астанада 10-нан астам эпизодқа қатысы бар алаяқ ұсталды
-
12:57, 17 наурыз 2025
Павлодарда полиция алимент төлемеген әкелерді анықтады
-
12:41, 17 наурыз 2025
Қасым-Жомарт Тоқаев Дипломатия институтының директоры Алексей Волковты қабылдады