Қазақстандағы климаттың жылынуы: соңғы 50 жыл не көрсетті?

17:31, 29 қыркүйек 2026
MKZ: 1569565

© Сурет: unsplash

Қазақстандағы климат планетадағы орташа деңгейден едәуір тез өзгеруде. "Қазгидромет" РМК синоптиктері осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның (ДМҰ) деректеріне сүйенсек, 1980-ші жылдардан бастап әрбір кейінгі онжылдық 1850 жылдан бергі бақылаулар тарихындағы кез келген алдыңғы онжылдыққа қарағанда жылырақ болып келуде. 2006-2025 жылдар аралығындағы 20 жылдық планета тарихындағы ең жылы кезең ретінде бағаланды, ал жаһандық деңгейдегі ең жылы 10 жылдың барлығы XXI ғасырға тиесілі.

Ал Қазақстанда климаттың жылынуы бұрынғыдан қарағанда екі есе қарқынмен тез жүруде:

"Климаттың жылыну қарқыны Жер шары бойынша біркелкі емес: кейбір өңірлерде, әсіресе орташа және жоғары ендіктерде, температураның артуы әлдеқайда қарқынды жүруде. 1976-2025 жылдар аралығында Қазақстан аумағы бойынша орташа жылдық ауа температурасының өсу қарқыны әр 10 жыл сайын орта есеппен +0,40 °C құрады. Бұл жаһандық орташа жылыну қарқынынан (~+0,18–0,20 °C/10 жыл) шамамен екі есе жоғары. 2025 жыл Қазақстанда 1941 жылдан бергі бақылау тарихындағы ең жылы жыл болып тіркелді. Орташа жылдық ауа температурасының аномалиясы 1961-1990 жылдардағы климаттық нормаға қатысты +2,96 °C құрады". "Қазгидромет" РМК-ның баспасөз қызметі

Синоптиктер Қазақстан Еуразия континентінің орталығында, әлемдік мұхиттардан алыс орналасқандықтан, климаты шұғыл континенталды екенін нақтылайды.

"Мұхиттардың климатты реттеуші әсерінің әлсіз болуы және құрлықтық ерекшеліктер ел аумағындағы жылынудың айқын көрінісіне ықпал етеді. Қазақстанда жылыну қарқыны өңірлер мен маусымдар бойынша әркелкі: жылдық температура тренді Қарағанды облысында шамамен +0,29 °C/10 жыл болса, Батыс Қазақстан облысында +0,59 °C/10 жылға дейін жетеді, ал ең жоғары қарқын көктем мезгілінде байқалады: шамамен +0,70 °C/10 жыл", - дейді орталық мамандары.

Бұған дейін мамандар Қазақстандағы жерасты суы қанша жылға жететінін айтып, өз болжамдарымен бөліскен.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!