Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын жобалау және салу жөніндегі келісімшартқа қол қойылды
© Фото: Zakon.kz
Владивостокта өтіп жатқан XI Шығыс экономикалық форумы аясында Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын жобалау, жабдықтармен қамтамасыз ету және салу жөніндегі келісімшартқа қол қойылды. Бұл туралы 2026 жылғы 3 қыркүйекте ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мәлімдеді.
Құжат "Қазақстандық атом электр станциялары" ЖШС мен "Росатом" мемлекеттік атом энергиясы корпорациясының еншілес кәсіпорны – "Атомстройэкспорт" АҚ арасында жасалды.
Келісімшартқа қол қою рәсіміне ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев пен "Росатом" мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачев қатысты.
"Келісімшартқа қол қою Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысы жобасының жаңа практикалық кезеңге өткенін білдіреді. 2026 жылғы 28 мамырдағы үкіметаралық келісімге сәйкес, тараптар Қазақстан Үкіметімен қажетті келісуді қоса алғанда, көзделген рәсімдерді жалғастырады", – делінген ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің хабарламасында.
Ведомство АЭС жобасын іске асырудың ел үшін стратегиялық маңызы бар екенін атап өтті. Экономиканың, өнеркәсіптің, инфрақұрылымның, цифрландыру мен жасанды интеллектінің дамуына байланысты Қазақстанның сенімді әрі тұрақты электр энергиясына деген қажеттілігі алдағы уақытта біртіндеп арта бермек.
"Атом энергетикасы алдағы ондаған жыл бойы тұрақты базалық генерацияны қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жобаны іске асыру отандық өнеркәсіпті дамытуға, озық технологияларды енгізуге және жоғары білікті мамандар даярлауға қосымша мүмкіндіктер ашады. АЭС құрылысы – Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін нығайтуға, өнеркәсіптік және технологиялық әлеуетін дамытуға, кадрлық резерв қалыптастыруға және елдің технологиялық егемендігін күшейтуге бағытталған ұзақ мерзімді стратегиялық бағдарының маңызды бөлігі", – делінген ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің хабарламасында.
Ведомствоның мәліметінше, алғашқы АЭС құрылысы жобасын жүзеге асыру кезінде жергілікті қамту үлесін арттыруға баса назар аударылады. Атап айтқанда, жобаға қазақстандық кәсіпорындар мен мамандарды барынша тарту, сондай-ақ отандық тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді кеңінен пайдалану көзделген.
Алғашқы АЭС құрылысы отандық өнеркәсіптің дамуына, жаңа өндірістер мен технологияларды игеруге, сондай-ақ атом энергетикасын одан әрі дамытуға қажетті ұлттық құзыреттерді қалыптастыруға серпін беруі тиіс.
Агенттіктің мәлімдеуінше, жобаны іске асыру тұрақты экономикалық өсудің ұзақ мерзімді негізін қалап, Қазақстанның заманауи атом саласын қалыптастырудағы негізгі кезеңдердің біріне айналады.
Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысының қашан басталатынын сілтеме арқылы біле аласыз.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
11:09, 3 қыркүйек 2026
Нұрлан Сауранбаев Қазақстанның Көлік министрі болып қайта тағайындалды
-
11:01, 3 қыркүйек 2026
Қазақстанның Қаржы министрі тағайындалды
-
10:57, 3 қыркүйек 2026
Ұлыбританияда жаңа туған нәрестені өлтірді деген күдікпен төрт адам сотталды
-
10:50, 3 қыркүйек 2026
Америкалық барлау ұшағы Ресейге жақын жерде бақылаудан жоғалып кетті
-
10:43, 3 қыркүйек 2026
Қанат Бозымбаев ҚР премьер-министрінің орынбасары болып қайта тағайындалды





