Нұрлан Сауранбаев Қазақстанның Көлік министрі болып қайта тағайындалды

11:09, 3 қыркүйек 2026
MKZ: 1564926

© Сурет: akorda.kz

Нұрлан Сауранбаев Қазақстан Республикасының Көлік министрі болып қайта тағайындалды. Тиісті Жарлыққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы бүгін, 2026 жылғы 3 қыркүйекте Ақорданың Telegram арнасында жарияланды.

"Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрлан Ермекұлы Сауранбаев Қазақстан Республикасының Көлік министрі лауазымына тағайындалды", – деп жазылған ресми ақпаратта.

Нұрлан Сауранбаев 1967 жылғы 20 мамырда Тараз қаласында дүниеге келген. 1991 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін "Экономист" мамандығы бойынша бітірген. 2001-2002 жылдары Италияның Милан қаласындағы ENI-Agip мұнай өнеркәсібі оқу орталығында білім алып, мұнай саласын басқару магистрі дәрежесін иеленді. 2016 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы Ұлттық қорғаныс университетін "Әскери және мемлекеттік басқару" мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1991 жылы "Еңбек" компаниясының бас директоры қызметінен бастап, аталған мекемені 1997 жылға дейін басқарды.

1997-1998 жылдары Қазақстан кәсіпкерлері конгресінің атқарушы директоры болды.

1998-2000 жылдары "Қазақстан темір жолы" республикалық мемлекеттік кәсіпорнының "Жолаушылар тасымалы" еншілес кәсіпорнының директоры қызметін атқарды.

2000-2002 жылдары "Атырау мұнай өңдеу зауыты" ААҚ бірінші вице-президенті болды.

2002-2004 жылдары "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы" АҚ Инжинирингтік және сервистік қызметтер департаментінің директоры қызметін атқарды.

2004-2007 жылдары "ТеңізСервис" ЖШС бас директоры болды.

2007 жылғы шілдеден 2010 жылғы маусымға дейін "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы" АҚ-ның мұнай тасымалдау жөніндегі басқарушы директоры және сервистік жобалар жөніндегі басқарушы директоры қызметтерін атқарды.

2011 жылғы 18 мамырдан 2014 жылғы 25 тамызға дейін Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі болды.

2014 жылғы 14 тамыздан 2016 жылғы қазанға дейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары қызметін атқарды.

2017 жылы EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін дайындау және өткізу мәселелері жөніндегі штабтың ұйымдастыру комитетін басқарды.

2017 жылғы қарашадан 2018 жылғы маусымға дейін Шымкент қаласының әкімі болды.

2019 жылғы қаңтардан 2021 жылғы сәуірге дейін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.

2021 жылғы сәуірден 2025 жылғы маусымға дейін "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы" АҚ басқарма төрағасы болды.

2025 жылғы 30 маусымда Нұрлан Сауранбаев Қазақстан Республикасының Көлік министрі болып тағайындалды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!