Қазақстанда жүк көліктері үшін ақылы жол тарифтері өзгеруі мүмкін

09:26, 6 қараша 2026
MKZ: 1576247

© Фото: Zakon.kz

Қазақстанда жүк көліктерінің автомобиль жолдарымен жүргені үшін ақы төлеу жүйесін жетілдіру тәсілдері талқыланып жатыр. Бұл туралы 2026 жылғы 6 қарашада ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, ақылы автомобиль жолдары мәселелері жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өтті.

Жиында қолданыстағы жол алымдары жүйесін жетілдіру және жол инфрақұрылымын күтіп ұстау мен жөндеуді қаржыландыру тұрақтылығын арттыру жөніндегі ұсыныстар қаралды.

Негізгі назар коммерциялық жүк көліктерінің, соның ішінде отандық және шетелдік тасымалдаушылардың жол жүру ақысын төлеу тәсілдеріне аударылды. Бұл ретте ұсынылып отырған шаралар азаматтардың жеке жеңіл автокөліктерінің жол жүру тәртібін өзгертуді көздемейді.

"Біз автомобиль жолдарын салып жатырмыз, алайда оларды күтіп ұстау мен жөндеу шығындарын әлі де бюджет есебінен өтеп келеміз. Жол инфрақұрылымы өзін-өзі қамтамасыз ететін жүйе қалыптастыру қажет", – деді Серік Жұманғарин.
Қазақстанда жүк көліктері үшін ақылы жол тарифтері өзгеруі мүмкін, сурет - Zakon.kz жаңалық 06.11.2026 09:26

Сурет: primeminister.kz

Жұмыс тобының қатысушылары бірқатар бастама ұсынды. Мәселен, сақтандыру саласындағы тәуелсіз сарапшы Айгерім Қарабыйықоғлу Қазақстан мен көршілес мемлекеттердегі ақылы жолдар тарифтерінің айырмашылығына назар аударды.

Ол тарифтерді өңірлік деңгейге жақындату мүмкіндігін зерделеуді, сондай-ақ отандық тасымалдаушылар үшін бөлек шарттарды қарастыруды ұсынды. Бұдан бөлек, сарапшы шетелдік жүк көліктері мемлекеттік шекарадан өткен кезде оларды сақтандыру тетіктерін пысықтау қажет екенін айтты. Оның пікірінше, мұндай тәсіл жүк көліктерінің жол инфрақұрылымына келтіретін әсерін өтеудің қосымша құралына айналып, жолдарды күтіп ұстау мен жөндеуді қаржыландыру көзі бола алады.

Ал "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ бизнес-талдаушысы Фархад Нұрқамалов көлік компаниялары үшін жылдық абонементтер енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Мұндай тетік тасымалдаушыларға алдын ала жоспарланған шақырым үшін ақы төлеуге және жолды көп пайдаланған жағдайда шығындарын оңтайландыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар төлемдердің жиналуын арттырып, берешекті азайтуға ықпал етуі мүмкін.

Сондай-ақ көлік құралдарының сипаттамаларын ескере отырып, тарифтерді жетілдіру ұсынылды.

VIII шақырылымдағы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, логистика және көлік саласының сарапшысы Болатбек Нажметдинұлы тарифтерді автокөліктердің экологиялық класына, шығарындылар деңгейіне және жол жамылғысына түсетін салмаққа қарай саралау мүмкіндігін зерделеуді орынды деп санайды.

Бұған қоса, жүк тасымалының ашықтығын арттыру және жол алымдарын төлеу талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, ақылы автомобиль жолдары учаскелерінде жүк көліктерінің қозғалысын бақылау үшін цифрлық құралдарды кеңінен қолдану ұсынылды.

"Отырыс қорытындысы бойынша вице-премьер түскен ұсыныстарды мемлекеттік органдармен, салалық қауымдастықтармен және бизнес өкілдерімен бірлесіп, жан-жақты пысықтауды тапсырды. Алдағы уақытта жаңа тәсілдерді әзірлеу кезінде тасымалдаушылар мен бизнес мүдделерін ескеріп, жол инфрақұрылымын күтіп ұстау шығындарының әділ бөлінуін қамтамасыз ету қажет. Бұл ретте негізгі назар жеке жеңіл көліктерге емес, коммерциялық жүк көліктеріне аударылмақ. Базалық ұсыныстарды қараша айының соңына дейін дайындап, жұмыс тобының келесі отырысында қарауға ұсыну тапсырылды", – делінген Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Қазақстанда жүк көліктері үшін ақылы жол тарифтері өзгеруі мүмкін , сурет - Zakon.kz жаңалық 06.11.2026 09:26

Сурет: primeminister.kz

Бұған дейін Қазақстанда ақылы жолдармен жүру тарифтері көтерілуі мүмкін екені хабарланған болатын. Бұл туралы 2026 жылғы 4 қарашада Үкімет кулуарында Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров мәлімдеді.

Одан сәл бұрын, 2 қарашада Қазақстанда жол құрылысы жаңа тәртіппен жүргізілуі мүмкін екені белгілі болды. Премьер-министр Олжас Бектенов сала реформасына қатысты ұсыныстар әзірлеудің соңғы мерзімін белгіледі.

Бас прокуратураның мәліметінше, автомобиль жолдары саласындағы тексерулерден кейін заңбұзушылықтар бойынша 33 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Алдын ала есеп бойынша келтірілген шығын көлемі 8 млрд теңгеден асады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!