Қазақстанда байланыс операторларына қойылатын талаптар жаңартылды
© Фото: pexels
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы 2026 жылғы 30 қазандағы бұйрығымен Қазақстан Республикасының телекоммуникация желілерін орталықтандырылған басқару жүйесінің жұмыс істеу қағидаларын жаңа редакцияда бекітті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қағидалар Қазақстан Республикасының бірыңғай телекоммуникация желісін құрайтын байланыс желілеріне қолданылады.
Құжатта мынадай ұғым айқындалған:
- Қазақстан Республикасының телекоммуникация желілерін орталықтандырылған басқару жүйесі (басқару жүйесі) – басқару параметрлерін қалыптастыру және олардың орындалуын бақылау жөніндегі ұйымдастырушылық-техникалық іс-шаралар кешені. Оның құрамына телекоммуникация желілерін орталықтандырылған басқаруға арналған аппараттық-бағдарламалық кешен мен байланыс арналары кіреді.
Қалааралық немесе халықаралық байланыс операторларының шетелдік байланыс операторларымен өзара іс-қимылы тек басқару жүйесі арқылы жүзеге асырылады.
Спутниктік байланыс операторлары абоненттік спутниктік байланыс құрылғысының Қазақстан аумағында орналасқан және ҚР бірыңғай телекоммуникация желісіне қосылған спутниктік байланыс операторының жерүсті станциясымен қосылуын қамтамасыз етеді.
Абоненттік спутниктік байланыс құрылғысы шет мемлекет аумағында орналасқан шетелдік оператордың жерүсті станцияларымен қосылған жағдайда, құрылғының шығыс трафигі тіркелген халықаралық түйісу нүктесі арқылы өтетін қорғалған байланыс арналары арқылы Қазақстан аумағындағы спутниктік байланыс операторының жерүсті станциясына бағытталады.
Алайда спутниктік байланысты ұйымдастырудың бұл талаптары геостационарлық емес спутниктерді пайдаланатын байланыс желілері арқылы жүзеге асырылатын пилоттық жобаларға қолданылмайды. Мұндай жобалар ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттармен іске асырылады.
Қалааралық, халықаралық және ұялы байланыс операторлары өз желілерін басқару жүйесіне қосылғаннан кейін ғана пайдалануға береді.
Елорда, облыстар және республикалық маңызы бар қалалар абоненттерінің интернет-трафигі басқару жүйесінің тиісті тораптары арқылы өтуге тиіс. Техникалық мүмкіндік болмаған жағдайда Мемлекеттік техникалық қызметпен (МТҚ) келісу арқылы трафикті басқа өңірдің торабы арқылы бағыттауға рұқсат етіледі.
Осыған ұқсас талаптар хостинг-провайдерлер мен онлайн-платформалардың контентін кэштейтін серверлерді қосатын операторларға да қойылады. Мұндай ресурстарға бағытталған трафик те басқару жүйесінің тораптары арқылы өтуі керек.
Жүйеге қосылмаған операторлар өңіраралық интернет-трафикті жүйеге қосылған басқа операторлардың желілері арқылы өткізеді.
Халықаралық түйісу нүктелері қалай жұмыс істейді?
Қазақстандық халықаралық байланыс операторы өзінің халықаралық коммутациялық станциясын шетелдік байланыс операторының халықаралық коммутациялық станциясымен қосу үшін халықаралық түйісу нүктесін ұйымдастырады. Халықаралық түйісу нүктелері Мемлекеттік техникалық қызметте (МТҚ) міндетті түрде тіркелуге тиіс.
Оператор өтінім бергеннен кейін 10 жұмыс күні ішінде тіркеу нөмірін алады. Осыдан соң халықаралық түйісу нүктесін пайдалануға бере алады.
Халықаралық түйісу нүктесінің сыйымдылығы өзгерген немесе ол таратылған жағдайда да кемінде 10 жұмыс күні бұрын хабарлау қажет.
Байланыс желілерін пайдалануға беру тәртібі
Басқару жүйесіне қосылу үшін операторлар мен хостинг-провайдерлер өтінім береді. МТҚ 15 жұмыс күні ішінде техникалық шарттарды ұсынады. Одан кейін қажетті жұмыстарды орындауға 30 күнтізбелік күн беріледі. Кейін сәйкестікті бағалау рәсімі жүргізіледі.
Трафикті өңдеу компоненттерінің сәйкестігін бағалау ұсынылған құжаттарды зерделеу, жабдықты тексеру, оның жұмысқа қабілеттілігін, басқару компонентімен өзара іс-қимылын және істен шығуға төзімділігін бағалау арқылы жүргізіледі. Сондай-ақ бағдарламалық қамтамасыз ету тестілік трафикті пайдалану арқылы тексеріледі.
Серверлік үй-жайдың сәйкестігін бағалау кезінде ұсынылған құжаттар зерделеніп, үй-жай тексеріледі. Бұдан бөлек, трафикті өңдеу компонентін орналастыруға және оның жұмыс істеуіне қажетті жағдайларды қамтамасыз ететін жүйелердің жай-күйі мен жұмысы бағаланады.
Бағалау нәтижелері бойынша сәйкестікті бағалау актісі жасалады. Бағалау сәтті аяқталған жағдайда порт сыйымдылығын ұсыну туралы шарт жасалады.
Сонымен қатар қағидаларда байланыс операторлары мен хостинг-провайдерлердің басқару жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қажетті байланыс желілері мен арналарын ұсыну тәртібі белгіленген.
Бұйрық 15 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
09:26, 6 қараша 2026
Қазақстанда жүк көліктері үшін ақылы жол тарифтері өзгеруі мүмкін
-
09:13, 6 қараша 2026
Алматы мен тағы бірнеше қалада ауа сапасы нашарлайды
-
09:13, 6 қараша 2026
Алматы мен тағы бірнеше қалада ауа сапасы нашарлауы мүмкін
-
22:54, 5 қараша 2026
Әлеуметтік топтағы азаматтарға арналған тұрғын үй құрылысына бөлінген ақшаны «жеген» ЖШС басшысы сотталды
-
22:38, 5 қараша 2026
Ақтауда еден жуушының шелегін тепкен мұғалім жазаланды





