Қазақстанда онкологиялық және гематологиялық көмек көрсету стандарттары өзгерді

10:08, 14 қазан 2026
MKZ: 1572244

© Фото: akorda.kz

Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2026 жылғы 2 қазандағы бұйрығымен ҚР халқына онкологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Құжатқа сәйкес, Қазақстанда онкологиялық көмекті уәкілетті органның шешімі негізінде үшінші деңгейде онкологиялық көмек көрсететін республикалық ұйымдар, сондай-ақ референс-орталықтар үйлестіреді. Олардың қатарында патоморфологиялық диагностика және иммуногистохимиялық зерттеулер, молекулалық-генетикалық зерттеулер, радиациялық онкология және ядролық медицина бағыттары бойынша жұмыс істейтін референс-орталықтар бар.

Өңірлердегі онкологиялық көмекті астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың денсаулық сақтауды басқарудың жергілікті мемлекеттік органдарының шешімімен айқындалатын медициналық ұйым үйлестіреді.

Пациенттерді екінші немесе үшінші деңгейде онкологиялық көмек көрсететін ұйымға емделуге жіберген кезде медициналық цифрлық жүйеде (МЦЖ) мультидисциплинарлық топ (МДТ) отырысының хаттамасынан қабылданған шешім көрсетілген үзінді көшірме қалыптастырылады. МДТ – дәрігерлік комиссия (автордың түсіндірмесі). Үзінді көшірме келісу үшін пациент жіберілетін ұйымға жолданады.

Екінші және үшінші деңгейде онкологиялық көмек көрсететін ұйымдарда мынадай құрылымдық бөлімшелер құрылады:

  • динамикалық бақылау бөлімшесі бар клиникалық-диагностикалық бөлімше;
  • сәулелік терапия бөлімшесі (радиологиялық бөлімше);
  • химиотерапия бөлімшесі;
  • ісіктер хирургиясы бөлімшесі.

Қосымша мынадай бөлімшелер құрылады:

  • ядролық медицина бөлімшесі (орталығы), радионуклидтік (радиоизотоптық) диагностика бөлімшесі, радионуклидтік терапия бөлімшесі;
  • тар бейінді мамандандырылған бөлімшелер мен орталықтар, соның ішінде референс-орталықтар;
  • онкологиялық науқастарды қалпына келтіру емі және оңалту бөлімшесі (кабинеті);
  • паллиативтік медициналық көмек және демеуші терапия бөлімшесі (орталығы).

Пациенттердің емін жеке ерекшеліктеріне қарай таңдау үшін ісіктердің молекулалық-биологиялық ерекшеліктерін анықтау, сондай-ақ қатерлі ісік диагнозын растау (верификациялау) мақсатында иммуногистохимиялық зерттеулер (ИГХ-зерттеулер) мен молекулалық-генетикалық зерттеулер жүргізілетіні көрсетілген.

ИГХ-зерттеулер екінші деңгейде онкологиялық көмек көрсететін ұйымдардың патоморфологиялық зертханаларында және үшінші деңгейдегі референс-орталықтарда клиникалық хаттамаларға сәйкес жүргізіледі.

ИГХ-зерттеулерді жүргізу мерзімі материал алынған күннен бастап 14 жұмыс күнінен аспайды. Зерттеу күні, нөмірі және оны орындаған маманның тегі көрсетілген ИГХ-зерттеу қорытындысы медициналық цифрлық жүйеге (МЦЖ) енгізіледі. Сондай-ақ қорытынды материалды зерттеуге жіберген ұйымға ақпараттық өзара іс-қимыл арқылы немесе пошта арқылы жолданады.

Пациенттерді ядролық медицина әдістерімен тексеру және емдеу ядролық медицина бөлімшелерінде (орталықтарында) жүзеге асырылады.

Өмірінде алғаш рет диагноз қойылған әрбір пациентке амбулаториялық пациенттің медициналық картасына арналған "Пациентті динамикалық (диспансерлік) бақылау" нысаны бойынша №5 қосымша парақ толтырылады. Оны медициналық цифрлық жүйе (МЦЖ) арқылы да толтыруға болады.

Сәулелік терапия (радиотерапия, фотондық және протондық терапия) медициналық ұйымдарда "бір дәрігер – радиациялық онколог (сәулелік терапевт)" қағидаты бойынша жүргізіледі. Бұл қағидат пациентті клиникалық бақылауды, сәулелік емге дайындауды және сәулелік емді бір дәрігердің – радиациялық онкологтың (сәулелік терапевтің) жүргізуін көздейді.

Сонымен қатар құжат "Онкология саласындағы референс-орталықтар" атты жаңа параграфпен толықтырылды.

Референс-орталықтар қызметкерлерінің ұсынылатын штаттары белгіленді.

Сондай-ақ ҚР ересек халқына гематологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартына өзгерістер енгізілді.

Атап айтқанда, гематологиялық көмектің төменгі деңгейіндегі медициналық ұйымның гематолог дәрігері таргеттік терапия тағайындау немесе жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету қажет болған жағдайда, гематологиялық көмектің жоғары деңгейіндегі құзырет орталығына сұрау жібереді.

Сұрауда жүргізілген барлық диагностикалық қызметтер, олардың орындалған күндері, зерттеу нәтижелері, емдеудің өткен терапиялық кезеңдері және емге жауап туралы мәліметтер қамтылуға тиіс. Төртінші деңгейдегі республикалық орталықтың үлгісі бойынша жолдама МЦЖ арқылы қалыптастырылады. Техникалық мүмкіндік болмаған жағдайда, ол қолмен толтырылып, электрондық пошта арқылы жіберіледі.

Диагноз бен емдеу бағдарламасы расталғаннан кейін куратор қорытынды дайындап, оны өтініш берушіге МЦЖ немесе электрондық пошта арқылы жолдайды. Емдеу бағдарламасы расталмаған жағдайда, куратор себептері мен ұсынымдары көрсетілген дәлелді бас тартуды дайындап, оны өтініш берушіге дәл сол тәсілмен жібереді.

Гематологиялық көмектің төртінші деңгейіндегі медициналық ұйымның гематолог дәрігерлері бес жұмыс күні ішінде қорытынды дайындап, оны МЦЖ немесе электрондық пошта арқылы жолдайды. Қорытындыда жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету мүмкіндігі расталып, пациентті осы көмекті алуға дайындау жөніндегі ұсынымдар берілуге тиіс. Ал бас тартылған жағдайда, оның себептері мен баламалы емдеу жөніндегі ұсынымдар көрсетілуі қажет.

Осы стандартта көрсетілген медициналық ұйымдар мен олардың құрылымдық бөлімшелері ұсынатын гематологиялық көмекті астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарының бұйрықтарымен айқындалатын құзырет орталықтары үйлестіреді.

Үшінші деңгейдегі гематологиялық көмекті үйлестіру астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті мемлекеттік басқару органдарының бірлескен бұйрықтарына сәйкес жүзеге асырылады. Бұл бұйрықтар төртінші деңгейдегі республикалық орталықпен келісіледі. Аталған орталық уәкілетті органның бұйрығына сәйкес ересек халыққа көрсетілетін гематологиялық көмекті үйлестіреді.

Бұйрық 2026 жылғы 23 қазаннан бастап күшіне енеді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!