Қазақстанда микроқаржылық ұйымдарға қойылатын талаптар әзірленді

15:26, 11 ақпан 2026

© Фото: Zakon.kz

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микроқаржылық қызметті жүзеге асыру шарттарына қойылатын талаптарды әзірледі, деп хабарлайды Zakon.kz.

Атап айтқанда, тұтынушыларға микроқаржылық қызметтер көрсету кезінде микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға қойылатын талаптар белгіленеді. Олар мыналарды қамтиды:

  • микрокредиттер беру қағидаларында қамтылуға тиіс мәліметтер тізбесі;
  • микроқаржылық қызметтер көрсету кезінде адал мінез-құлық қағидаттары;
  • микроқаржылық ұйым қызмет көрсету және клиенттерге кеңес беру кезінде ақпаратты ашу тәртібі;
  • жауапты микрокредиттеуді жүзеге асыру тәртібі;
  • кәсіпкерлік қызметке байланысты емес жеке тұлғамен микрокредит шартының жасалу тәртібі, оның ішінде шарттың мазмұнына, ресімделуіне және міндетті талаптарына қойылатын талаптар;
  • жосықсыз тәжірибенің түрлері мен белгілері және оларды анықтау тәртібі;
  • төлем қабілетсіз клиенттермен жұмыс істеу кезінде берешекті өндіріп алудың жауапты іскерлік тәжірибелері;
  • микроқаржылық қызмет көрсету барысында туындайтын қаржылық қызметтерді тұтынушылардың өтініштерін қарау тәртібі;
  • клиенттердің қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған іс-шараларды әзірлеу және іске асыру талаптары;
  • микроқаржылық қызметті жүзеге асырудың жалпы шарттары қағидаларына қойылатын міндетті талаптар;клиенттермен жұмыс істеу тәртібі туралы ереже, оның ішінде:

– мүгедектігі бар адамдарға және халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарына қызмет көрсету тәртібі, қаржы ұйымдарының бөлімшелерінің қолжетімділігі жөніндегі ұлттық стандарт талаптарын ескере отырып;

– мүгедектігі бар адамдарға және халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарына сенім білдірілген тұлғаның қатысуымен қызмет көрсету ерекшеліктері.

Құжатта микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым өз қызметін басқару жүйесін саясат, ішкі құжаттар, бизнес-процестер, ынталандыру жүйелері, бақылау рәсімдері және іскерлік тәжірибе қаржылық қызметтерді тұтынушыларға барлық өзара іс-қимыл кезеңдерінде адал және әділ қарауды қамтамасыз ететіндей етіп қалыптастыруы тиіс екені көрсетілген.

Микроқаржылық ұйымның басқару органы мен атқарушы органы қызметкерлер мен уәкілетті агенттердің қаржылық қызметтерді тұтынушылармен өзара әрекеттесу кезінде адал мінез-құлық қағидаттарын сақтауын қамтамасыз етеді. Бұл қағидаттарға мыналар жатады:

  • адалдық;
  • болжамды зиян келтіруге жол бермеу;
  • өнімнің тұтынушының мақсаттары мен мүмкіндіктеріне сәйкестігі;
  • ақпараттың ашықтығы мен түсініктілігі;
  • әділ және тең қатынас;
  • мүдделер қақтығысын басқару;
  • қосымша өнімдерді таңдаудың еріктілігі;
  • қолжетімділік және инклюзивтілік;
  • өзара іс-қимыл нәтижесі үшін жауапкершілік.

Сондай-ақ микрокредиттер беру қағидалары әдеби тіл нормалары мен заң терминологиясын сақтай отырып, анық, бірмәнді жазылуға және әртүрлі түсіндіруге жол бермеуге тиіс екені айтылған. Қолданылатын терминдерге түсіндірме берілуі қажет.

Микрокредиттер беру қағидалары ашық ақпарат болып табылады және коммерциялық құпия немесе микрокредит құпиясы бола алмайды.

Микрокредиттер беру қағидаларында мынадай мәліметтер мен рәсімдер қамтылады:

  • қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз ету үшін басқару органы мен атқарушы органның жауапкершілігі;
  • тұтынушылардың өтініштерін қарау және келтірілген залалды өтеу процесіне қатысатын лауазымды тұлғалардың, бөлімшелердің және қызметкерлердің құрылымы, міндеттері, функциялары мен өкілеттіктері;
  • қаржылық қызметтерді тұтынушылармен жұмыс істеу кезінде қызметтік міндеттерді орындау үшін қажетті білім, дағды және біліктілік деңгейіне қойылатын талаптар;қағидалар мен ішкі құжаттарды бұзғаны үшін қызметкерлердің жауапкершілігі;
  • микроқаржылық ұйым мен қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен міндеттері;
  • микрокредит берудің ерекшеліктері: өнім түрлері, өтініш беру және оны қарау тәртібі, жарамдылықты бағалау рәсімі, шартты жасасу, өзгерту және бұзу тәртібі мен мерзімдері, қамтамасыз етуге қойылатын талаптар, қарыз қаражатын есепке алу және есептен шығару тәртібі, микрокредитті өтеу әдістері, төлем қабілетсіз қарыз алушымен өзара әрекеттесу тәртібі, оның ішінде кепілді іске асыру;
  • жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу қағидалары, мөлшерлемелер, тарифтер, комиссиялар және өзге төлемдер;
  • жосықсыз тәжірибелердің алдын алу рәсімдері;
  • микрокредит беру барысында туындайтын клиенттердің өтініштерін қарау тәртібі;
  • дауларды қарау кезінде және қаржы омбудсмені қызметіне жүгіну барысында қаржылық қызметтерді тұтынушылармен өзара әрекеттесу тәртібі.

Микроқаржылық ұйымның клиенттермен жұмыс істеу тәртібі туралы ережесінде мыналар қамтылады:

  • клиенттердің құқықтары мен мүдделерін сақтау саясаты мен рәсімдері;
  • микрокредиттің әрбір түрі бойынша өтінішті қарау рәсімдері мен мерзімдері (өтініш беру қажет болған жағдайда);
  • микрокредит беру кезінде клиентпен өзара әрекеттесу рәсімдері;
  • мүгедектігі бар адамдарға және халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарына қызмет көрсету тәртібі, ұлттық стандарт талаптарын ескере отырып;
  • сенім білдірілген тұлғаның қатысуымен қызмет көрсету ерекшеліктері, оның ішінде өзара әрекеттесу және ақпарат алудың қолжетімді нысандары;
  • сенім білдірілген тұлғаның қатысуы.

Құжатта ақпаратты ашу талаптары микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым қаржылық қызметтерді тұтынушыларға ұсынатын барлық өнімдерге қолданылатыны көзделген.

Ақпарат қаржылық қызметті тұтынушымен өзара іс-қимылдың барлық кезеңдерінде ашылады:

  • шарт жасалғанға дейін;
  • шарт жасасу сәтінде;
  • шарттың қолданылу мерзімі ішінде.

Ақпарат тұтынушыға тегін түрде ауызша, жазбаша немесе оның сақталуын және шарттың қолданылу мерзімі бойы өзгеріссіз қайта жаңғыртылуын қамтамасыз ететін нысанда ұсынылады.

Ашылатын ақпараттың мазмұны мен нысанына қойылатын талаптар:

  • ақпарат артық заңдық және техникалық тұжырымдарды қолданбай, анық әрі түсінікті тілде баяндалады;
  • ұсынылатын қаржылық өнімнің мәнін және оған байланысты тәуекелдерді түсінуге мүмкіндік беретін түсінікті терминдер мен тіркестерді қамтиды;
  • нақты, толық және шынайы болады, қарама-қайшы немесе жаңылыстыратын мәліметтерді қамтымайды;
  • оқуға ыңғайлы қаріп өлшемін, арақашықтықтарды, кестелерді, графиктер мен мысалдарды қолдана отырып, көрнекі түрде ресімделеді;мүгедектігі бар адамдарға және халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарына қолжетімді нысандарда, оның ішінде сенім білдірілген тұлға арқылы алу мүмкіндігін ескере отырып ұсынылады;
  • қаржылық өнімнің негізгі шарттары, құны мен тәуекелдері айқын көрсетіліп, мәтіннің немесе көрнекі ресімдеудің ішінде жасырылмайтындай етіп құрылымдалады.

Жалпы алғанда, қаулы жобасы микроқаржыландыру секторындағы қызметтің ашықтығын арттыруға және жосықсыз тәжірибелер тәуекелін төмендетуге бағытталған.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!