Конституция жобасында адам құқықтары мен бостандықтарына қатысты нормалар күшейтілді

17:50, 10 ақпан 2026

© Сурет: gov.kz

Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов 2026 жылғы 10 ақпанда өткен Конституциялық реформа жөніндегі комиссия отырысында Ата заң жобасы қандай нормалармен толықтырылғанын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, тиісті ұсыныстар сарапшылардан түскен.

"Конституция жобасының 8-бабында меншiктiң екі нысаны – мемлекеттік және жеке меншік танылып, тең дәрежеде қорғалады деп көрсетілген болатын. Көптеген ұсыныста бұл норма меншік нысандарының барлығын толық қамтымайтыны айтылды. Осыған байланысты аталған баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылды: "Қазақстан Республикасында меншiктiң барлық нысаны танылады, оларға кепiлдiктер берiледi және тең дәрежеде қорғалады", – деді ол.

Сондай-ақ, оның сөзінше, жоба Конституциясының 14-бабының 2-тармағында адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан тиесілі және абсолютті деп танылады, олар дан ешкім айыра алмайды деп көрсетілген. Алайда, спикердің атап өтуінше, көптеген азамат пен сарапшы бұл норманы күшейтіп, адам құқықтары мен бостандықтары Қазақстан заңнамасының мазмұны мен қолданылуын айқындайтыны туралы ережемен толықтыруды ұсынған.

"Осы ұсыныстарды ескере отырып, тармақ мынадай түрде тұжырымдалды: "Адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олар дан ешкім айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтік-құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады".

14-баптың 3-тармағында Қазақстан Республикасының азаматы өз азаматтығынан туындайтын құқықтар мен міндеттерге ие екені көрсетілген. Азаматтық – адамның мемлекетпен конституциялық-құқықтық байланысын білдіреді.

"Демек, Қазақстан Республикасының азаматтары Конституцияда белгіленген құқықтардың, бостандықтардың және міндеттердің толық көлеміне ие және заң алдында тең", – деп атап өтті Конституциялық сот төрағасының орынбасары.

Сондай-ақ Конституция жобасының 14-бабының 5-тармағы нақтыланды. Жаңа редакцияда адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыру өзге адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс негіздеріне, қоғамдық тәртіпке, азаматтардың денсаулығына және қоғамның гуманистік негіздеріне қол сұқпауға тиіс екені бекітілді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!