Қазақстанда ескі көлікті сату қиындады: себебі неде

16:17, 29 шілде 2026
MKZ: 1558642

© Сурет: Zakon.kz

Қазақстандықтардың таңдауы соңғы жылдары жаңа автокөліктерге көбірек түсуде. Көпшілік автосалоннан сенімді, жанармайды үнемдейтін әрі қауіпсіздігі жоғары жаңа көлік сатып алуға ынталы. Ал ескі, қолданыста болған көліктерге сұраныс біртіндеп азайып келеді.

Zakon.kz тілшісі бұл үрдістің себептерін саралап көрді.

Қазақстанда жүрілген көлікті сату бұрынғыға қарағанда қиындай түскен. Әсіресе 30 жылдан асқан көліктерге қызығушылық өте төмен. Кейбір сатушылар көлігін бірнеше апта бойы өткізе алмай, ақыры бағасын едәуір түсіруге мәжбүр болуда.

Қазақстанда ескі көлікті сату қиындады: себебі неде , сурет - Zakon.kz жаңалық 29.07.2026 16:17

Сурет: Zakon.kz

Демалыс күндері Barys 3 автобазарына еліміздің әр өңірінен көліктер әкелінеді. Мұны мемлекеттік тіркеу нөмірлерінен-ақ байқауға болады. Таңдау өте кең – ескі "Жигулиден" бастап Mercedes G-Class-қа ("Гелендваген") дейін бар.

Қазақстанда ескі көлікті сату қиындады: себебі неде , сурет - Zakon.kz жаңалық 29.07.2026 16:17

Сурет: Zakon.kz

Базардағы бағалар қала тұрғындарын таңғалдыруы мүмкін. Мәселен:

  • 2005 жылғы ВАЗ-2105 – 300 мың теңге;
  • 2010 жылғы ВАЗ-2107 – 500 мың теңге;
  • 1992 жылғы ГАЗ-31029 ("Волга") – 600 мың теңге;
  • 1 млн теңгеге жақсы күйдегі Volkswagen Golf III табуға болады;
  • 1,5 млн теңгеге – "лупатый" атанып кеткен Mercedes-Benz E-Class;
  • 2 млн теңгеге – BMW E36 немесе BMW E34;
  • 3 млн теңгеге – Toyota Camry XV30.
Қазақстанда ескі көлікті сату қиындады: себебі неде , сурет - Zakon.kz жаңалық 29.07.2026 16:17

Сурет: Zakon.kz

Мұнда тек кеңестік дәуірден қалған көліктер немесе 1990-жылдардың аңызға айналған шетелдік модельдері ғана емес, қазіргі заманғы автомобильдер де жеткілікті. Мысалы:

  • Chevrolet Cobalt – 4 млн теңгеден;
  • Chevrolet Onix – 5 млн теңгеден;
  • Hyundai Elantra – 7 млн теңгеден.

Люкстік көліктер де кездеседі. Мәселен, 2005 жылғы "Гелендваген" 10,5 млн теңгеге сатылып жатыр. Ал қытайлық көліктер бұл авторынокта мүлде байқалмайды.

Қазақстанда ескі көлікті сату қиындады: себебі неде , сурет - Zakon.kz жаңалық 29.07.2026 16:17

Сурет: Zakon.kz

Автобазарға негізінен шағын қалалар мен ауылдардың тұрғындары келеді. Олар үшін көлік – сән емес, күнделікті тұрмысқа қажетті құрал. Мәселен, солардың бірі – Анвар. Ол шаруашылыққа арналған көлік іздеп жүр.

"Көбіне ауыл ішінде жүремін, түрлі жүк тасимын. Бағасы 500 мың теңгеге дейінгі көлік керек. 1990-жылдардағы Volkswagen Golf, Passat, Vento, Mitsubishi Galant немесе 2000-жылдардағы "бестік", "алтылық", "жетілік" сияқты "Жигулилерді" қарап жүрмін. "Нива" алғым келген, бірақ қазір бағасы шамадан тыс қымбат. Бұл көліктердің қосалқы бөлшектері арзан әрі кез келген ауылдан табылады. Кез келген шебер жөндей алады. Маған ең бастысы – қозғалтқышы, беріліс қорабы және электр жүйесі дұрыс болса болды. Сырты сызылған, соғылған немесе бірнеше көліктен құрастырылған болса да маңызды емес. Тот басқан жерін дәнекерлеп, сырлап, тағы бірнеше жыл жүргізуге болады. Күтімі жақсы шетелдік немесе жаңа көлікті ауылдың жолына қимайсың. Біздің ауылда таңдау аз, Таразда бағасы қымбат, сондықтан бұл базар біз үшін өте қолайлы", – дейді ол.
Қазақстанда ескі көлікті сату қиындады: себебі неде , сурет - Zakon.kz жаңалық 29.07.2026 16:17

Сурет: Zakon.kz

Қытайлық көліктердің көбеюі нарықты өзгертті

Нарықтағы өзгерістердің басты себептерінің бірі – қытайлық автокөліктер санының күрт артуы. Қазір кейбір жаңа қытайлық модельдердің бағасы жасы келген жапон, корей немесе еуропалық көліктермен бірдей. Оның үстіне жаңа көлікке кепілдік беріледі әрі оны несиеге алу оңайырақ.

"2025 жылы Қытайдан Қазақстанға шамамен 164 мың жеңіл автокөлік әкелінді. Қытайлық көліктер біздің нарықта өте еркін орнықты. Бірақ бұл көрсеткішке автосалондардағы ресми сатылым ғана емес, түрлі жолмен әкелінген жаңа және қолданыста болған көліктердің бәрі кіреді". Тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы Эдуард Эдоков

Жаңа көліктер алғашқы жылдары аз шығын талап етеді және өндірушінің кепілдігімен сатылады. Сондықтан олар ескі көліктерге қарағанда тартымдырақ көрінеді.

Электрозаправочная станция, электромобиль, зарядка электромашины, электрический автомобиль, электрокар, электрическая машина, сурет - Zakon.kz жаңалық 29.07.2026 16:17

Фото: unsplash

Сонымен қатар сатып алушылар үшін:

  • заманауи қауіпсіздік жүйелері;
  • зауыт кепілдігі;
  • алғашқы жылдардағы техникалық қызмет көрсету шығындарының аз болуы;
  • бөліп төлеу мен тиімді автонесие бағдарламалары маңызды рөл атқарады.

Эдуард Эдоковтың сөзінше, 2024–2025 жылдары банктер мен дилерлер автонесие арқылы сатылымды белсенді түрде ынталандырды. Жарнамаларда 0,1%, 4% сияқты төмен мөлшерлемелер ұсынылғанымен, бұл шығындардың бір бөлігін өндіруші немесе дилер көтерген, кей жағдайда олар көлік бағасына немесе қосымша шарттарға енгізілген. Сондықтан сатып алушы жарнамаланған пайызға ғана емес, келісімшарттағы барлық талаптарға мұқият қарауы керек.

Қазақстандағы автокөлік өндірісі де әсер етті

Жаңа көліктер нарығының өсуіне Қазақстандағы автокөлік өндірісінің дамуы да ықпал етті. Қазір жеңіл көліктер еліміздің бірнеше қаласында құрастырылады. Бұл жеткізу мерзімін қысқартуға мүмкіндік берді.

Эдуард Эдоковтың айтуынша, 2025 жылы Қазақстанда 170 мыңнан астам көлік өндірілген. Оның ішінде 159 мыңға жуығы – жеңіл автомобильдер. Бұл жалпы өндірістің 90%-дан астамын құрайды. Сонымен қатар, өткен жылы ең көп сатылған 10 модельдің барлығы Қазақстанда құрастырылған. Сондықтан отандық өндіріс автосалондардағы таңдау мен нарықтағы бәсекеге тікелей әсер етіп отыр.

Ескі көлік сатқысы келетіндерге не істеу керек?

Мамандардың пікірінше, қолданыста болған көлікті тез өткізу үшін сатушы не нарықтағы орташа бағаны қоюы, не өз көлігінің неге қымбат екенін нақты дәлелдеуі қажет.

Сарапшылардың айтуынша, көптеген сатушылар әлі күнге дейін 2020-жылдардың басындағы бағамен өмір сүріп келеді. Ол кезде, әсіресе Toyota маркалы көліктер қандай жағдайда болса да тез сатылатын.

Қазақстанда ескі көлікті сату қиындады: себебі неде , сурет - Zakon.kz жаңалық 29.07.2026 16:17

Сурет: Zakon.kz

Жаңа көліктерге сұраныстың артуы Қазақстандағы автонарықтың дамуына және автопарктің жаңаруына оң әсерін тигізіп отыр. Бірақ бұл қолданыста болған көліктер дәуірі аяқталды дегенді білдірмейді.

Эдуард Эдоковтың болжамынша, алдағы уақытта қымбат қызмет көрсетуді қажет ететін Range Rover, Porsche сияқты премиум көліктерді сату қиындай түседі. Сондай-ақ сирек кездесетін модельдерге де сұраныс төмен болуы мүмкін. Ал Toyota Camry сияқты халық арасында кең таралған модельдер екінші нарықта бұрынғысынша өтімді болып қала береді. Егер көліктің бағасы нарыққа сай, техникалық жағдайы жақсы және тарихы ашық болса, оны сату әлдеқайда жеңіл.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!