Қазақстанда ерікті қоныс аудару бағдарламасына қатысушылар қатарын кеңейту жоспарлануда

15:36, 15 желтоқсан 2025

© Фото: Zakon.kz/Павел Михеев

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев депутаттық сауалға берген жауабында ерікті қоныс аудару бағдарламасына қатысушылар мен қандастарды қолдау шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Ол жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің қолданыстағы бағдарламалары аясында қоныс аударушылар мен қандастар микронесиелер мен гранттар алуға қатыса алатындығын атап өтті.

"Бұл шаралар азаматтардың экономикалық белсенділікке бейімделуіне, жаңа жұмыс орындарын ашуына және шағын бизнесті дамытуына мүмкіндік береді. Қолдау жұмыспен қамту орталықтары арқылы бағдарламалардың барлық қатысушыларына тең жағдайда көрсетіледі. 2025 жылғы 25 қарашадағы жағдай бойынша барлығы 9,2 мың грант берілді, оның ішінде 105-і – қоныс аударушыларға, 67-сі – қандастарға", – делінген жауапта.

Сондай-ақ Ертаевтың айтуынша, "Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін, халықтың көші-қонын жетілдіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы аясында жеке мобильді кәсіпкерлікті, маусымдық және вахталық жұмыстарды қолдау, ерікті қоныс аудару бағдарламасына қатысуға құқығы бар азаматтар контингентін кеңейту мәселелері пысықталуда. Бұл ретте еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға, сондай-ақ шаруа қожалықтарының басшыларына басымдық берілмек.

Бұдан бөлек, қоныс аударушылар қатарындағы кәсіпкерлерді қолдаудың маңызды бағыттарының бірі – кәсіпкерлік қызметті бастауға және дамытуға қолайлы жағдай жасау. Жаңа шағын бизнес субъектілері үшін Қазақстан Республикасының Салық кодексінде көзделген арнайы салық режимдері қолданылады, бұл олардың қызметінің алғашқы жылдарында салық жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.

Бұған дейін Ұлттық банктің сақтандыру ұйымдарының есептілікті ұсыну қағидаларын бекіткенін жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!