Қазақстанда Абай күндері басталды
© Сурет: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
10 тамызда елімізде Абай күні аталып өтеді. Ұлы ақын, ойшыл, ағартушы әрі композитор Абай Құнанбайұлының туғанына 181 жыл толуына орай республика бойынша 350-ден астам мәдени, ғылыми-танымдық, білім беру және спорттық іс-шара ұйымдастырылады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Абай мұрасы әлемдік деңгейде кеңінен танылған. 1995 жылы ақынның 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті. Оның әдеби, философиялық және музыкалық мұрасы, білім, еңбек, әділет және адамгершілік туралы ой-тұжырымдары бүгін де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Республикалық бағдарламадағы негізгі іс-шаралар Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты ұйымдарда өтеді, деп хабарлайды 2026 жылы 8 тамызда құзырлы министрліктің баспасөз қызметі.
Атап айтқанда:
- 7 тамызда Ұлттық академиялық кітапханада ойшыл мұрасын зерттеуге және кеңінен танытуға арналған "Абай әлемі – мәңгілік мұра" халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Алматыдағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында "Ұлы халықтың – Ұлы Абайы" зияткерлік сайысы ұйымдастырылды. Ал Ұлттық музейде "Абай сөзі – ұрпаққа аманат" музей сабағы және ақынның өмірі мен шығармашылығын дәріптейтін "Абай мұралары – көненің көзі" тақырыптық экскурсиясы өтті.
- Семейдегі Абайдың мемлекеттік музей-қорығы да атаулы күнге арнайы бағдарлама әзірледі. 10 тамызда мұнда "Абай бейнелеу өнерінде" және "Абайдың өмір деректері…" көрмелері ашылады. Сондай-ақ әдеби квест пен Абай әндерінің фестивалі ұйымдастырылып, "Ұлы ақын Абай ұлдарымен" ескерткішіне гүл шоқтары қойылады. Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейі, Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейі, "Берел", "Таңбалы" музей-қорықтары және басқа да мәдениет мекемелері тақырыптық жобаларын ұсынады. Театрлар мен кино ұйымдары музыкалық жобалар мен бейнематериалдарды таныстырып, Абай шығармалары желісінде сахналанған қойылымдардан үзінділер көрсетеді.
- 10 тамызда Алматыда Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген "Алғашқы кітап" деректі фильмінің ресми тұсаукесері өтеді.
- Абай күніне арналған іс-шаралар Бейжіңде де ұйымдастырылады. 10 тамызда Қазақстанның мәдени орталығы "Цзиньтай" музейімен бірлесіп "Абай – Ұлы тұлға" дөңгелек үстелін өткізеді. Жиында ойшылдың әдеби-философиялық мұрасы мен оның идеяларын шетелде кеңінен таныту мәселелері сөз болады.
- Астанада да ауқымды бағдарлама ұсынылады. 8-10 тамыз аралығында Қаламгерлер аллеясында "Өлең сөздің патшасы…" поэзия кеші ұйымдастырылып, қала саябақтарында өтетін "Әнді сүйсең, менше сүй" іс-шарасында Абайдың әндері шырқалады. Еліміздің әр өңірінен келген жас қаламгерлер "Сөз өнері. Жасампаз жас қалам" республикалық форумында бас қосады. Бұдан бөлек, әдеби-сазды кештер, дәрістер, викториналар мен кітап көрмелері өтеді.
- Алматыда әдеби және ағартушылық бағыттағы іс-шаралар жалғасады.
- Шымкентте поэзиялық және танымдық бағдарламалар ұйымдастырылып, "Хакім Абай" музейінде ашық есік күні, тақырыптық көрме мен экскурсиялар өтеді.
- Абай облысында 8-9 тамыз күндері "Abai Joly – 100 miles" республикалық ультрамарафоны өткізілсе, 10 тамызда "Адамзаттың Абайы" ақындар айтысы өтеді. Мерекелік іс-шаралар облыс орталықтарымен қатар, қалалар, аудандар мен ауылдарды да қамтиды.
"Өңірлерде айтыстар мен концерттер, театр қойылымдары, "Абай оқулары" байқаулары, поэзия кештері, көрмелер және түрлі танымдық жобалар ұйымдастырылады. 10 тамызда Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс орталықтарында Абай Құнанбайұлының ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылады. Арнайы рәсімге зиялы қауым өкілдері, мәдениет қайраткерлері, жастар және жұртшылық қатысады", делінген министрлік хабарламасында.
Айта кетсек, Абай күнін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы бекіткен болатын.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
10:57, 8 тамыз 2026
Павлодар облысында малын қараусыз қалдырғаны үшін 1,3 мың адам жазаланды
-
10:24, 8 тамыз 2026
«Ректор гранттары». Отандық ЖОО-лар қанша өзіндік білім беру грантын ұсынды
-
10:11, 8 тамыз 2026
Қазақстанда 7 тамызда үш орман өрті тіркелді
-
09:55, 8 тамыз 2026
«Үйдің тұңғышы, ортаншысы, кенжесі». Ғалымдар баланың туу ретіне қарай өмір жолы айқындалатынын дәлелдеді
-
09:25, 8 тамыз 2026
TikTok-тағы тікелей эфир: Тараз тұрғыны бес тәулікке қамауға алынды





