Доллар бір жылда шамамен 70 теңгеге арзандады: алдағы уақытта бағам қандай болады

14:08, 7 тамыз 2026
MKZ: 1560166

© Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин

Соңғы бір жылда теңге әлемдегі негізгі валюталарға қатысты айтарлықтай нығайды. Бұған мұнай бағасының жоғары болуы, экспорттан түсетін валюталық түсімнің көп көлемде сатылуы және Ұлттық банктің жүргізіп отырған операциялары әсер етті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Осыдан тура бір жыл бұрын, 2025 жылғы 7 тамызда, АҚШ долларының ресми бағамы 536,58 теңге болған. Ал бүгінде доллар 467,48 теңге тұрады. Яғни бір жыл ішінде доллар 69,10 теңгеге немесе 12,9%-ға арзандады.

Еуро бағамы одан да қатты төмендеді. Егер бір жыл бұрын 1 еуро 622,75 теңге болса, қазір оның бағасы 539,52 теңге. Осылайша, еуро 83,23 теңгеге немесе 13,4%-ға арзандаған.

Ресей рублі де арзандады. Бір жыл бұрын оның бағамы 6,71 теңге болса, бүгінде 5,73 теңге. Бұл теңгенің рубльге қатысты 14,6%-ға нығайғанын көрсетеді.

Яғни теңге қазақстандықтар жиі пайдаланатын негізгі валюталардың барлығына қатысты күшейіп отыр. Айта кетейік, сәуір айында теңге 2026 жылдың басынан бері ең жылдам нығайған әлемдегі бес валютаның қатарына енген болатын.

Жаздағы өзгерістер

Қазақстан қор биржасы (KASE) деректеріне қарағанда, қазіргі бағам бірден емес, бірнеше кезеңмен қалыптасты.

Мамыр айында доллар шамамен 460 теңгеге дейін арзандады. Кейін маусымда бағам қайта өсіп, 490 теңгеге жуықтады. Алайда бұл ұзаққа созылған жоқ. Шілде айында доллар қайтадан арзандай бастады. Тамыздың басында оның бағамы соңғы айлардағы ең төмен деңгейлердің бірі – 467-470 теңге аралығына түсті.

Сонымен қатар валюта нарығындағы сауда көлемі де жоғары болды. Көктемде күн сайынғы сауда көлемі көбіне 250-300 млн доллар шамасында болса, жазда ол тұрақты түрде 350-450 млн долларға жетті. Кейбір күндері тіпті 600 млн доллардан асты.

Бұл теңгенің нығаюы шетел валютасына сұраныстың азаюынан емес, керісінше, доллар ұсынысының көп болуынан екенін көрсетеді.

Доллар неге арзандап жатыр?

Соңғы биржалық сауда қорытындысы бойынша, доллар бағамы 467,48 теңгеге дейін түсіп, бір күн ішінде шамамен 2 теңгеге арзандады. Сауда көлемі 315,2 млн долларды құрады.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының (ҚҚҚ) сарапшыларының айтуынша, қазіргі кезде теңгені қолдап тұрған бірнеше фактор бар. Олардың қатарында:

  • инфляцияның баяулауы;
  • экспорттан түсетін валюталық түсімнің жоғары көлемде сатылуы;
  • Ұлттық банктің операциялары;
  • әлемдік нарықта мұнай бағасының қымбат болуы;
  • инвесторлардың теңгемен шығарылған қаржы құралдарына қызығушылығы;
  • шетелдік инвесторлардың қазақстандық қаржы активтеріне сұранысы.

Қауымдастық мамандарының пікірінше, "күшті теңге кезеңі" әлі аяқталған жоқ.

"Теңгенің әрі қарай нығаю әлеуеті әлі де сақталып отыр. Бұған Ұлттық банк аясында экспорттық валюталық түсімнің айырбасталуы және тоқсандық салық төлеу кезеңінің жақындауы ықпал етеді. Бұл уақытта ірі компаниялар шетел валютасын дәстүрлі түрде көбірек сатады", – деп мәлімдеді Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы.

Тамызда теңгеге тағы бір қолдау болады

Биыл көптеген салық декларацияларын тапсырудың соңғы мерзімі 17 тамызға белгіленген. Осы күнге дейін компаниялар:

  • корпоративтік табыс салығы;
  • қосылған құн салығы (ҚҚС);
  • жер қойнауын пайдаланушылардың төлемдері;
  • пайдалы қазбаларды өндіру салығы;
  • қол қою бонусы;
  • акциздер бойынша есептілікті тапсыруы тиіс.

Ал негізгі салық төлемдері 25 тамызда жүргізіледі. Бұл күні бизнес:

  • екінші тоқсанның ҚҚС-ын;
  • корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлемдерді;
  • төлем көзінен ұсталатын корпоративтік табыс салығын;
  • экспортқа салынатын ренталық салықты;
  • пайдалы қазбаларды өндіру салығын;
  • тарихи шығындарды өтеу төлемдерін;
  • мүлік салығын;
  • су және жер ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемдерді;
  • цифрлық майнингке қатысты төлемдерді және басқа да міндетті төлемдерді төлейді.

Валюта нарығы үшін ең маңыздысы – ҚҚС, корпоративтік табыс салығы, экспорттық ренталық салық, пайдалы қазбаларды өндіру салығы және жер қойнауын пайдаланушылардың төлемдері.

Бұл төлемдерді негізінен елдегі ірі экспорттаушылар жүзеге асырады. Олар бюджетпен есеп айырысу үшін экспорттан түскен доллардың бір бөлігін теңгеге айырбастайды. Соның нәтижесінде ішкі нарықта доллар ұсынысы көбейіп, теңгенің нығаюына әсер етеді.

Ұлттық банк нарықты қолдауды жалғастырып жатыр

Ұлттық банктің мәліметінше, шілде айында теңге тағы 1,3%-ға нығайып, доллар бағамы 473,81 теңгеге дейін төмендеді.

Ай ішінде KASE-дегі валюта саудасының жалпы көлемі 8,6 млрд долларды құрады. Күнделікті орташа сауда көлемі 389 млн долларға жеткен. Осы кезеңде Ұлттық банк валюта интервенциясын жүргізген жоқ. Шілде айында Ұлттық қордан 200 млн доллар сатылды. Тамызда бұл көлем 200-300 млн доллар болады деп күтіледі.

Сонымен қатар Ұлттық банк Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) валюталық активтер үлесін сақтау үшін 375 млн доллар сатып алған.

Сарапшылардың айтуынша, осындай ірі көлемдегі сатып алудың өзі нарықтағы жалпы үрдісті өзгерте алмаған. Бұл нарықта шетел валютасының ұсынысы әлі де жоғары екенін білдіреді.

Алдағы апталарда доллар бағамы қандай болуы мүмкін?

Қаржы сарапшысы Арсен Темірбаевтың пікірінше, жақын уақытта теңге үшін қолайлы жағдай сақталады.

"Егер мұнай бағасы бір баррель үшін 83-85 доллар деңгейінде қалса, экспорттық түсім тұрақты түсіп тұрса және әлемдік нарықта ірі күйзелістер болмаса, доллар бағамы 470-475 теңге аралығында болуы мүмкін", – деді Арсен Темірбаев.

Осындай болжамды математикалық модельдер де көрсетіп отыр. Apecon есебі бойынша, 17 тамызға қарай доллардың ең ықтимал бағамы 465-468 теңге аралығында болады. Ал LongForecast моделі тамыз айының соңында доллар бағамы 468-470 теңге шамасында қалыптасады деп болжайды.

Бұған дейін 6 тамыздағы саудада доллар тағы арзандағанын жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!