Қазақстан шекарасындағы тексеру: 5 мыңға жуық адам ұсталып, 63 қылмыстық іс қозғалды

14:33, 3 тамыз 2026
MKZ: 1559381

© Фото: primeminister.kz

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі 2026 жылғы шілдеде ҰҚК Шекара қызметі атқарған жұмыстың қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Шілде айында шекарашылар құзырлы органдармен бірлесіп, Қазақстан заңнамасын бұзған 4975 адамды ұстады. Олардың 4346-сы – шетел азаматы.

Шекара арқылы жалпы құны 3,9 млрд теңгеден асатын тауарлар мен жүктерді заңсыз өткізудің 2476 дерегіне тосқауыл қойылды.

Оның ішінде:

  • есірткі заттарын заңсыз өткізудің 39 дерегі;
  • қару-жарақ пен оқ-дәрілерді өткізудің 88 дерегі анықталды. 108 суық қару мен 2131 оқ-дәрі тәркіленді;
  • жалпы көлемі 150 тоннадан, құны 33,4 млн теңгеден асатын жанар-жағармайды заңсыз өткізудің 1808 дерегі;
  • құны 1,3 млрд теңгеден асатын халық тұтынатын тауарларды өткізудің 392 дерегі;
  • сомасы 2,1 млрд теңгеден асатын валютаны заңсыз өткізудің 149 дерегі тіркелді.

Сонымен қатар Каспий теңізінің акваториясында браконьерліктің 34 дерегіне тосқауыл қойылды. Заңсыз балық аулауға арналған 24,6 шақырым құрал, сондай-ақ жалпы салмағы 580 келі болатын 103 бекіре тұқымдас балық тәркіленді. Алдын алынған залал көлемі 251 млн теңгеден асты.


"Шекара қызметі өз құзыреті аясында 63 қылмыстық іс қозғап, тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ 4295 әкімшілік іс қаралуда. Олар бойынша жалпы сомасы 38 млн теңгеден асатын айыппұл салынды. Қалған деректер бойынша материалдар тиісті процестік шешім қабылдау үшін құқық қорғау және сот органдарына жолданды", – деп қорытындылады ҰҚК.

Бұған дейін, 2026 жылғы шілдеде, ҰҚК полициямен бірлесіп Алматы, Шымкент қалалары мен еліміздің сегіз өңірінде қарудың заңсыз айналымына тосқауыл қою мақсатында жедел іздестіру іс-шараларын жүргізген еді. Нәтижесінде 4 автомат, 20 мылтық, 7 тапанша, 2 граната және 278 оқ-дәрі тәркіленді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!