Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясы: Қасым-Жомарт Тоқаев не айтты

15:30, 23 қыркүйек 2026
MKZ: 1568437

© Сурет: akorda.kz

Бүгін, 2026 жылғы 23 қыркүйекте, Астанада Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясы өтті. Оның барысы туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Zakon.kz.

Отырыстың басында Мемлекет басшысы Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы қызметіне Ерлан Қошановтың кандидатурасын ұсынды.

Бұл – конституциялық мәртебесі бар, беделді лауазым. Сондықтан бұл лауазымға елге белгілі, халық пен биліктің арасында дәнекер болатын азамат келуге тиіс деп санаймын. Осының бәрін ескере отырып, мен Ерлан Жақанұлы Қошановтың кандидатурасын ұсынамын. Бұл азаматты бәріңіз жақсы білесіздер, жауапкершілігі жоғары, білікті, тәжірибесі мол тұлға. Ол мемлекеттік қызмет жүйесінде ұзақ жыл еңбек етті, бұл жұмысты абыроймен атқарды. Мәжіліс Төрағасы ретінде ауқымды реформаларды іске асыруға белсене атсалысты. Енді Халық Кеңесі Төрағасы ретінде табысты жұмыс істеп, қоғамдық келісімді нығайтуға мол үлес қосатынына күмәнім жоқ. Сондықтан Ерлан Жақанұлы Қошановтың кандидатурасына мұқият назар аударып, қолдайсыздар деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент консультативтік мекемеге кәсіби білігі жоғары мамандар, абырой-беделі зор, нағыз отаншыл азаматтар мүше болғанын айтты.

Олардың қатарында жұртшылыққа белгілі тәжірибелі тұлғалар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер мен көптеген белсенді азаматтар бар. Құрылтайдың алғашқы отырысында айтып өткенімдей, ауқымды реформалардың арқасында мемлекеттік басқару ісіне жаңа, жасампаз, озық ойлы азаматтардың келуіне жол ашылды. Ел мүддесі үшін адал қызмет ету – зор мәртебе әрі қастерлі парыз. Осы орайда, Сіздерге – Халық Кеңесінің әрбір мүшесіне ерекше жауапкершілік жүктеліп отыр. Сіздер ел игілігі үшін табанды еңбек етіп, мемлекеттігімізді нығайтуға зор үлес қосасыздар деп сенемін. Ырысты ынтымағымызды, қоғамдық келісімді күшейту үшін белсенді түрде еңбек етесіздер деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстан Халық Кеңесінің алдында тұрған міндеттерге ертең алғашқы сессияның негізгі отырысында кеңірек тоқталады.

Дауыс беру қорытындысы бойынша Ерлан Қошанов Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы болып сайланды.

2026 жылғы 20 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың тарихи маңызды миссиялары іс жүзінде табысты аяқталды деп санауға болатынын мәлімдеді. Ол жаңа институт – Қазақстан Халық Кеңесін құруды ұсынды.

2026 жылғы 8 шілдеде Президент жарлығымен Қанатбек Жайсанбаев Қазақстан Халық Кеңесі төрағасының орынбасары – Қазақстан Халық Кеңесі Хатшылығының басшысы болып тағайындалып, бұрын атқарған қызметінен босатылды.

22 қыркүйекте Мемлекет басшысы "Қазақстан Халық Кеңесінің құрамын бекіту туралы" жарлыққа қол қойды. Кеңес құрамына 126 қазақстандық кірді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!