Қазақстан дәріханаларында тегін дәрілер сатылған

13:11, 3 қараша 2026
MKZ: 1575696

© Фото: Zakon.kz/Екатерина Елисеева

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 2026 жылғы 3 қарашада Үкімет отырысында фармацевтика нарығына қатысатын 788 субъектінің қызметінен заңбұзушылықтар анықталғанын мәлімдеді. Олардың қатарында тегін дәрілерді сату және препараттардың бағасын белгіленген шектен асыру фактілері бар,

Министрдің айтуынша, 2024 жылы енгізілген дәрілік заттарды таңбалау жүйесі дәрі-дәрмектің айналымын қадағалауға, қорларды басқаруға және бағаны нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.

"2026 жылы цифрлық мониторинг барысында 788 субъектінің қызметінен дәрілік заттарды айналымнан қайталап шығару, тегін препараттарды бөлшек сауда желісінде сату, сондай-ақ оларды белгіленген шекті бағадан жоғары өткізу фактілері анықталды. Анықталған заңбұзушылықтар саны өткен жылмен салыстырғанда 10 есе өсті. Анықталған фактілер бойынша заңнамаға сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұлдар салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде дәріханаларда тегін дәрілік заттарды сату жағдайлары 20 есе азайды", – деді Ақмарал Әлназарова.

Оның сөзінше, таңбалау жүйесінде медициналық ұйымдардағы дәрілік заттардың көлемі мен бағасына цифрлық бақылау да енгізілген.

"Мәселен, жедел респираторлық инфекциялармен сырқаттану маусымының өсуіне дайындық аясында вирусқа қарсы препараттардың 123 млн қаптамасы бар екені анықталды. Бұл қажетті дәрілік заттар қорының жеткілікті екенін көрсетеді. Бағаларды цифрлық мониторингтеу нәтижесінде айналымдағы дәрілік заттардың 50 пайыздан астамының бағасы тұрақты екені, ал 799 атауы бойынша бағаның төмендегені анықталды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, дәрілік заттар ассортиментін кеңейту мақсатында барлық рецептісіз препараттарға, сондай-ақ құны бір айлық есептік көрсеткіштен төмен рецептімен берілетін дәрілерге мемлекеттік баға реттеуі алынып тасталды", – деп хабарлады министр.

Министрдің айтуынша, бұл шараның алғашқы нәтижесі баға реттеуінен шығарылған дәрілік заттардың 90 пайызы бойынша бағаның төмендегенін көрсеткен.

"Таңбалау жүйесінің қолданылу аясы кеңейіп келеді. 2026 жылғы қыркүйектен бастап биологиялық белсенді қоспаларды таңбалау енгізілді, ал 2027 жылғы 1 наурыздан бастап медициналық бұйымдарды таңбалау көзделген. Азаматтар eGov Mobile және "Нақты өнім" қосымшалары арқылы дәрілік заттың жүйеде тіркелгені, өндірушісі, қолжетімділігі, сондай-ақ бөлшек саудадағы шекті бағасы туралы ақпарат ала алады. Бұдан бөлек, қандай да бір заңбұзушылық анықталған жағдайда азаматтар аталған қосымшалар арқылы Денсаулық сақтау министрлігіне тікелей өтініш жолдай алады", – деп толықтырды Ақмарал Әлназарова.

Еске салайық, бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қазақстан дәрі-дәрмек сапасын бақылау бойынша ең жоғары деңгейге қол жеткізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеген еді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!