Қазақстан дәрі-дәрмек сапасын бақылау бойынша ДДСҰ-ның ең жоғары деңгейіне шығуды көздеп отыр

12:31, 3 қараша 2026
MKZ: 1575690

© Фото: freepik

2026 жылғы 3 қарашада Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қазақстан дәрі-дәрмек сапасын бақылау саласында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) ең жоғары деңгейіне жетуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Министрдің еске салуынша, биыл сәуірде Қазақстан дәрілік заттардың айналымын реттеу саласында ДДСҰ-ның жетілу деңгейінің үшінші сатысына жеткен.

"Бұл баға ұлттық реттеу жүйесінің тұрақты жұмыс істейтінін және халықаралық талаптарға толық сәйкес келетінін растайды. Қазақстан ТМД елдері арасында осы деңгейге жеткен алғашқы мемлекет болды. Мемлекет үшін бұл отандық дәрілік заттар экспортын арттыруға және фармацевтика саласына инвестиция тартуға қолайлы жағдай қалыптастыруды білдіреді. Ал халық үшін дәрі-дәрмектің жоғары сапасы мен қауіпсіздігіне кепілдік береді", – деді Ақмарал Әлназарова.

Оның айтуынша, келесі мақсат – жетілудің төртінші, яғни ең жоғары деңгейіне жету.

"Бұл Қазақстанға фармацевтика саласындағы халықаралық өндірістік хабқа айналып, отандық дәрілік заттардың экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады. Осыған байланысты Астанада биологиялық қауіпсіздіктің жоғары талаптарына сай келетін заманауи зертханалық кешен салу жоспарланып отыр. Оның іске қосылуы вакциналарды сынау, сондай-ақ олардың сапасы мен қауіпсіздігін тәуелсіз бағалау мүмкіндіктерін кеңейтеді", – деп толықтырды министр.

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қазақстандағы дәрі-дәрмек нарығында қалыптасқан жағдай туралы жаңа мәліметтерді жариялаған болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!