Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында сөз сөйледі

13:04, 12 наурыз 2026

© Сурет: akorda.kz

2026 жылғы 12 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумы аясында сөз сөйледі.

Президент өз сөзінде форум қатысушыларының пікірі мен ұсыныстарына ризашылығын білдіріп, айтылған ой-пікірлердің Парламент пен Үкіметтің алдағы жұмысына ескерілетінін атап өтті.

"Шын мәнінде, бұл кездесу еліміз үшін аса маңызды. Бүгін залда миллиондаған отандасымыздың мүддесін қорғап жүрген екі мыңға жуық депутат отыр. Сіздер халықпен тығыз жұмыс істеп, олардың мұң-мұқтажын, талап-тілегін жақсы білесіздер", – деді Президент.

Тоқаев мұндай жиынның өңірлік саясаттың тиімділігін бағалауға және өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Ол Қазақстанда кең ауқымды тарихи өзгерістер жүзеге асырылып жатқанын, барлық бастамалардың халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын жеткізді.

Президент мемлекеттік басқару жүйесі, экономика және әлеуметтік саладағы реформалар туралы айтып, мәслихаттардың рөлі айрықша екенін атап өтті.


"Өкілді органдарды күшейту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді. Біз мәслихаттардың беделін көтердік және олар мемлекеттік басқару жүйесіндегі басты институттардың біріне айналды. Дегенмен, олардың әлеуетін одан әрі дамыту үшін бірқатар міндеттерді орындауымыз қажет", – деді Мемлекет басшысы.

Форум барысында депутаттар өңірлік мәселелерді талқылап, халықтың сұранысы мен қажеттіліктеріне бағытталған ұсыныстарын ортаға салды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!