Қарулы күштердің ардагері, отставкадағы генерал-майор Уәли Еламанов дүниеден өтті

13:40, 28 мамыр 2023

© Сурет: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Қарулы күштердің ардагері отставкадағы генерал-майор Уәли Еламанов дүниеден өтті, деп хабарлайды Zakon.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

27 мамырда 71 жасқа қараған шағында Уәли Бисақанұлы өмірден озды. Ол бар ғұмырын әскери іске арнап, офицерлік мансаптың, ел азаматының абыройлы жолынан өтті. 1974 жылы Рязань жоғары десанттық командалық училищесін бітірді. Офицерлік қызметті Қырғызстанның Ош қаласында гвардиялық әуе-десанттық дивизиясы парашют-десанттық взводының командирі болып бастады. Кейіннен Германиядағы Кеңес әскерлері тобында (Котбус қ., ГДР) парашюттік-десанттық батальонының командирі лауазымында қызмет атқарған.

1985 жылы М.В. Фрунзе атындағы Әскери академияны бітірді. 1992 жылы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Қапшағай қаласында (қазіргі Қонаев қ.) гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасы командирінің орынбасары және командирі лауазымдарын атқарды.

2001 жылы Ресей Федерациясы Қарулы күштері Бас штабының Әскери академиясын үздік бітірді. Қазақстан Қарулы күштері Мобильді күштерінің бірінші қолбасшысы.

2002 жылдан "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы.

2007 жылы штаб бастықтары комитеті төрағасының орынбасары лауазымында болды. 2009 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Штабтар бастықтары комитеті төрағасының бірінші орынбасары болды. Ол II дәрежелі "Данқ" орденімен және көптеген медальдармен марапатталған.

"Генерал-майор Уәли Бисақанұлы Еламанов сауатты да білікті шәкірттердің бір топ буынын тәрбиеледі, абырой беделге ие болды, отбасының қамқоршысы бола білді. 2011 жылдан бастап зейнеткерлікке шықты. Құрметті демалыста жүріп те ол ғұмырын Отанына қызмет етуге арнап, жұмысын жалғастырды. Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әскери кафедрасын басқарды. Қорғаныс министрлігінің басшылығы мен Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің жеке құрамы Уәли Бисақанұлының мезгілсіз өмірден өтуіне байланысты марқұмның туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Уәли Бисақанұлы жайлы жақсы және жарқын естелік біздің жүрегімізде мәңгі сақталады", - делінген хабарламада.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!