Карантинде семіргендер. Артық майын алып тастау үшін ота жасатуда

15:02, 25 қаңтар 2021

Артық салмақтан арылудың сан түрлі жолы бар. Біреулер ас-суды шектеп диета ұстайды, енді бірі таң атпай жүгіріп, залда шынығады. Бірақ кейінгі кездері бұл дәстүрден ауытқып, дене бітімін сымбатты етудің өзге амалын тапқандардың қарасы көбейді. Хирургтің көмегіне жүгініп, пышаққа түсетін жандар айналасы бір айдың ішінде денеде жиналған майдан арылып шыға келеді. Бірақ бұл операцияның қаупі жоқ емес, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Иә, мінсіз мүсін көптеген қыз- келіншектің арманы. Сол үшін де олар артық майын алып тастап, оны өзге дене мүшелеріне еккізуге құмартқан. Сұлулана түсу үшін де ең қауіпті "липосакция", "абдоминапластика" сынды ота жасатып тәуекелге бел буатындардың қарасы көбейген.

Ілияс Бейскенов, хирург:

Абдоминапластика мен липосакцияға жүгінетін адамдардың саны күн санап артуда. Мәселен, аптасына 3-4 ота абдоминапластика жасаймыз. Бұл блефорапластика мен маммопластикадан кейінгі үшінші орында тұрған ота. Көбіне салбыраған майларын алдырту үшін босанған әйелдер жүгінеді. Мұндай операциялар барлық адамдарға арналмаған. Сол себепті де тескеріп, денсаулығы, психологиясы көтере алатын адамдарға ғана жасаймыз. Отадан кейін науқас кем дегенде бір ай күтіну керек.

Өз денесінің контурын өзгертіп жақсартқысы келетін арулар аталмыш отаға 100 мың мен 600 мың теңге аралығында жұмсайды екен. Психологтың пайымынша мұндай қатерге келбетіне қатысты көп сын естіген қыз-келіншектер баратын көрінеді.

Камила Асыпқызы, психолог:

Бұл бірінші кезекте өзіне назар аударту мақсатында сенімділігін арттыру және де басқа адамдардан ерекше көріну мақсатында осындай жолдарға барып жатады. Яғни олар өздерін қалай бар солай қабылдай алмайды.

Десе де, сұлулықтарымен әлемді таңдай қақтырған жұлдыздар да мүсінін қалыпқа келтіруден қалыс қалмапты. Әлемде бағзыдан дамып кеткен бұл ота түріне жүгініп пышақтың астына түскендері де аз емес. Мәселен, танымал әнші Бейонсе, фотомодель, дизайнер Ким Кардашьян, актрисалар Деми Мур мен Джесика Альба, әнші Бритни Спирс. Ресейдің жұлдыздары да бұл тізімде. Атап айтсақ Ирина дубцова, әнші Лолита, тележүргізуші Роза Сәбитова және тағы басқа.

Дегенмен, әдемі, әрі сымбатты көріну үшін тәуекелге барғандар бір нәрсені түсінбейді, әйелдің әсемдігі қылығында дейді, қоғам белсендісі.

Ырза Тұрсынзада, қоғам белсендісі:

Қыздардың тектілігі, қыздардың сұлулығы, қыздардың бағы ол мына майға байланысты емес. Қыздардың бағы ол татуажға байланысты емес. Қыздардың бағы тұла бойындағы тұнып тұрған бір ұзақ ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ даласының аналарының бір қылығы болуы керек. Сіздің бағыңыз тұла бойыңыздағы тұнып тұрған бір жанұялық, отбасылық аналық қасиетіңізде.

Артық майдан арыламын деп ажал құшқандар да бар. Сондықтан да сертификаты бар, тәжірибелі дәрігерлерге жүгіну керек дейді мамандар.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!