Карантинде құр жатқан әншілер хит шығара алмай жүр

16:00, 29 маусым 2020
1223

Ел аман, жұрт тынышта, той мен концерт көп кезде жиыннан қолы босамайтын әншілер карантин кезінде тәуір-ақ демалды. Қолы босаған өнер иелері оңаша қалып небір тамаша ойларын әнге айналдырар деп күттік. Бірақ, сахнаның "саңлақтары" бәрі бірдей болмаса да дені ақша ойнатып, гив жасап, тик-ток билеп, вайн түсіріп кетті. Қит етсе хит жазамын дегендердің үні естілмей қалды, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Коронавирус, кет, кет, кет! Індет енді келгенде аластау үшін туғандей еді бұл ән. Желіде ең көп талқыланып, ең көп таралған ән Марат Омаровтікі. "Айгөлек" пен "Анасы бар адамдардан" кейінгі қайта жарқ ете қалған туындысы осы болар. Вирус тарағаннан бері бұдан басқа ел аузында жатталып қалған ән болмады.

Жас әнші Мирас Жүгінісов те карантин кезеңін сәтті пайдалана білген. Бос жатпай, "Королева севера" деген альбом жазыпты. Студиясын үйге әкеліп алып, шығармашылықпен айналысқан. Әріптестерінің "бомба" болатын дүние жазбағанын мойындайды. Кейбірінің гив ойнатып кетуінің себебін де біледі екен.

Мирас Жүгінісов, әнші:

"Бірақ, былай жарып шығады дейтіндей хит әлі болған жоқ. Ондайды бір концерттерге барып жүргенде шабытың оянып сондай кезде оңайлау болады деп ойлаймын өзім. Үйде отырғанда жаңа заттар жасау қиын да, далаға да шыға алмайсың. Сондықтан да сол үшін ғана ақша ойнатты демесең, осының бәрі біткен соң бәрі творчествоға кіріседі деген ойдамын".

Ерекше тембр иесі, әнші Нұргүл Нұғыманова бағыңды ашатын әнді бірден табу қиын деген пікірде. Көптеген өнерпаздың қолы байланып, карантин кезінде қамалып қалуы, жарқ ететін дүниелердің жоқ болуына бірден бір себеп екен.

Нұргүл Нұғыманова, әнші:

"Хит деген нәрсе енді кейбір әртістер 10 жылдай күтеді. Кейбір әртіске бір күнде келеді. Менің ойымша осы уақыт хит үшін емес. Біздің өнерімізді кішкене одан сайын "два прихлопа, три притопа" дейді ғой, сондай ән шығаруға емес. Мағынасы бар, сөздері керемет. Аранжировасы сай, шығармашылығымызды байытуға берілген сияқты".

Жанар Дұғалова "Мен өзім жалпы тойға көп шығатын әншілер қатарынан емеспін" дейді. Соңғы бірер айда өзімен өзі оңаша қалып, біраз дүниені жазып-сызыпты. Алдағы уақытта көрерменін жаңа туындылармен қуантпақ.

Жанар Дұғалова, әнші:

"Ол енді әншінің деңгейіне байланысты. Әншінің стиліне байланысты. Мен үшін керісінше айтып кеткендей, бұл кезең шабытқа толы болып өтті. Мен өзім ақын, композитор болғаннан кейін әр күнімді босқа өткізбей инструментті алып жаңа әндер шығарып жатырмын".

Талай ғашықты махаббат бесігіне бөлеп, әсем әуенімен тербеген "Ғашықтар жыры" белгілі әншілер Мақпал Жүнісова мен Сембек Жұмағалиевтің бойтұмар әніне айналған. Бұл шығарманы ақын Шөмішбай Сариев пен сазгер Кеңес Дүйсекеев бірлесіп жазған.

Бұл күні Өнер университетінде дәріс оқитын Сембек Жұмағалиевке сәлем бере барып, әннің сапасы жайында пікір алмастық. Әнші жұрттың жүрегінде ұзақ уақыт сақталатын туындылардың азайып кетуінің себебін мынадан көрді.

Сембек Жұмағалиев, әнші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

"Қазір ән жазып жатқандардың сауатсыздығы, кәсіби тұрғыдағы сауатсыздығы.1-2 нотаны қосады да, досына сөз жаздырады. Ол да кәсіби маман емес. 1-2 сөздің басын қосып, ұйқасы келсе болды әйтеуір. Жазады әнді, өздері де түсінбейді не жазғандарын. Содан олар эфирге шығады, сахнаға шығады. Сөйтіп көрермендерді де мәдени сауатсыз қылып жатыр".

Карантин кезінде вирустай таралған ырғақ осы. Райымның әні "Двигаться". "Тик-токта" елдің бәрін боксшы қылып жіберді. Өзге жылт еткен жаңа дүниені жалпақ жұрт байқай қоймады. Өнерпаздар заман қашан тынышталады деп отыра берсе, таңдай қақтырар туындыны ұзақ күтетін сияқтымыз.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!